Өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов Заречный ықшам ауданының тұрғындарына арналған екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын тексерді. Жалпы биыл өңірде 332 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Қазіргі уақытта Петропавл қаласында 1,9 мың пәтерден тұратын 17 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Ерке Есілдің жағасындағы мына үй көптің көзіне түскені айдан анық. Оны өзге өңірден келген инвестор салып жатыр. Яғни, бұл - Петропавлда бұрын-соңды қолға алынбаған жоба. Баспананың өзіндік ерекшелігі болады. Төбесі көк тіреген нысан сапасымен, сәулетімен, абаттандырылуымен, орналасқан жерімен ерекшеленбек. Құрылыс жұмыстарымен аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов танысты. Мердігердің жоспары ауқымды. Ол заманауи ғимаратты шілде айында тапсырғысы келеді. Сосын осы төңіректе тағы бірнеше үй тұрғызбақ.
Шаһардың қақ ортасында да құрылыс жүргізілуде. Биыл Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейі маңында тағы бір 9 қабатты үй пайда болады. 72 пәтерден тұратын нысан жылда тасқын қаупі туындайтын "Зеречный" ықшам ауданының тұрғындарына берілмек. Жұмыс қарқыны айтарлықтай жоғары емес. Осыны алға тартқан облыс әкімі шаһар басшылығы мен мердігерді сынға алды, іске серпін беруді тапсырды. Зеречныйдан көшірілетін отбасыларға "Жас Өркен" ықшам ауданынан да баспана беріледі.
Мердігер баспананың кең болғанын қалайды. Мұндағы құрылыс қарқынына көңіл толады. 90 пәтерден тұратын 5 қабатты үйді білекті жігіттер бел жазбай салып жатыр. Кестеден қалу байқалмайды.
Алдағы 2-3 жылда "Жас Өркен" шағын ауданының сәнін мынандай да үйлер келтірмек. Мамырда Жамбыл-Исмаилов және Парк көшелерінің қилысында 10 қабаттан тұратын қос баспананың құрылысы басталады. Жергілікті мердігер сәулетке ерекше мән берген. Нысанның төбесі қабырға бойы берік шынымен қоршалады, жарық шамдармен көмкеріледі. Тұрғындар төбеге көтеріліп, айналаны тамашалауға, демалуға, тамақтануға мүміндік туады. Ал төменде паркинг салынады. Аймақ басшысы ауланы тар қылмауды сұрады.
"Жас Өркен" шағын ауданында назар аударуды қажет ететін тағы бір құрылыс жүріп жатыр. Бұл әлеуметтік нысан болмақ. Жылдың соңына таман Партизан көшесінің бойында Мұз аренасы ашылады. Онда спортшылар мен тұрғындар коньки теуіп қана қоймайды.
Бассейннен бөлек, бұл нысанда жаттығу орны мен футзал залы болады. Яғни, Петропавлда футзалшылар ойнайтын, шеберлік шыңдайтын, жарыс өткізетін арнайы жер ашылады. Құрылыс жұмыстарымен танысу соңында Ғауез Нұрмұхамбетов қала және бейінді басқарма басшылығына әр нысанды бақылауда ұстауды тапсырды.