Халықтың күнделікті тұрмысының тыныштығы мен жайлылығы – көзге көріне бермейтін, бірақ аса маңызды еңбек иелерінің арқасы. Солардың бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлері. Биыл осы сала мамандарының кәсіби мерекесі – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ерекше мағынаға ие.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы – елдің инженерлік инфрақұрылымын ұстап тұратын негізгі тірек. Су, жылу, жарық, кәріз жүйесі – бәрі осы мамандардың қолынан өтеді. Бұл – таңмен таласа тұрып, түн жарымына дейін тыным таппайтын еңбек. Қысы-жазы ауа райына қарамай, қиындыққа төтеп беріп жүрген жандардың еңбегі кез келген марапатқа лайық. Жөндеу бригадасының белді қызметкері - Арман Бақтыбаев осы салада 11 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді.

Арман Бақтыбаев — тәжірибелі маман, өз ісінің шебері. Жұмысының негізгі бағыты — құбырларды қоқыстан тазартып, олардың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Қолының ебі мен ісіне деген жауапкершілігінің арқасында талай техникалық ақау уақтылы шешіліп, өндірістің ілгері басуына үлесін қосып жүр. Ауыр еңбектен тайсалмайтын, қарапайым әрі еңбекқор маман ретінде әріптестері арасында үлкен сый-құрметке ие.

СНХР: АРМАН БАҚТЫБАЕВ, СЛЕСАРЬ


Бұл жұмыс көпшілікке байқала бермейді. Алайда әр үйде су тоқтамай ағып тұруы үшін, Арман аға сияқты мамандар таңнан кешке дейін тер төгеді. Құбыр бітелсе, бүкіл ауданға әсер етеді. Сондықтан әрбір істің маңызын ол жақсы түсінеді. Сала қызметкерлері тек техникалық ақауды жөндеп қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасына тікелей ықпал етеді. Олар – өз ісінің нағыз маманы, ұлттың өркендеуіне үлес қосушы азаматтар.