Қазақстан экономикасында шағын және орта кәсіпкерлік маңызды рөл атқарады. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында елімізде түрлі бағдарламалар іске асырылып жатыр. Біздің түсірілім тобы Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына барды. Мұнда кәсіпкер мемлекеттен грант алып, бүгінде кәсібінің нәсібін көріп отыр.
Мемлекет әлеуметтік осал топтарға – жұмыссыздарға және тіркелгеніне үш жылға дейінгі жеке кәсіпкерлерге 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде гранттар береді. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылардың мүшелері, асыраушысынан айырылғандарға арналған жәрдемақы алушылар, қандастар, еңбекке қабілетті мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі балалары бар азаматтар осы бағдарламаға қатыса алады. Өткен жылы Жамбыл ауданында осындай 14 грант берілсе, биыл тағы 15 грант беру жоспарланып отыр.
СНХР: Гүлнар Ерімова, Жамбыл аудандық Мансап орталығының директоры
Өтінім беру үшін үміткерде міндетті түрде «Бастау Бизнес» оқу курсының сертификаты болуы керек. Сонымен қатар, арнайы комиссия бағалайтын бизнес-жоспар ұсынылуы тиіс. Жамбыл ауданының Пресновка ауылының тұрғыны шағын азық-түлік дүкенін 4 жыл бұрын ашқан. Бағдарлама жайында кездейсоқ білген. Қазір бизнесін сәтті жүргізіп отыр.
СНХР: Ринат Зарипов, кәсіпкер
Жас кәсіпкердің жоспары – бизнесін кеңейтіп, тағы бір дүкен ашу.