Өңірдегі Сергеев және Петропавл су тораптары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. "Қазсушар" кәсіпорны облыстық филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин гидротехникалық құрылымдарда су тасқыны кезеңінің өту барысын айтты.

Былтыр су тасқынына дайындық аясында Сергеев, Петропавл су тораптарында ағымдағы жөндеу және су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде бұл нысандардың жағалауы нығайтылды. Биыл қаңтар айында Сергеев гидроқұрылысы бөгетінің маңындағы төменгі бьефтің түбі тереңдетіліп, 940 текше метр топырақ қоспасы алынып тасталды. Есіл өзенінің табиғи арнасын қалпына келтіру жұмысы жүргізілді.

«Демеу Қазақстан қоры» 80 млн теңгеге жуық қаражат бөліп, оған Петропавл және Сергеев су тораптарының автожол көпірлерінің жағдайына техникалық және суасты тексерісі жүргізілді. Олардың жағдайы көңіл көншітпейді. Биыл республикалық қазынадан бөлінген 385 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған.

СНХ: ШҰҒАЙЫП ИБАТУЛЛИН, «ҚАЗСУШАР» РМК СҚО ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫ


19 наурыздан бастап Сергеев, Петропавл су тораптарында филиал қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр. Олар әр екі сағат сайын су қоймасының жұмысы жайында ақпарат әзірлеп, мүдделі органдарға жібереді. Жалпы Сергеев су қоймасында су деңгейі 19 наурыздан көтеріле бастады. Ең жоғары деңгей 25 наурызда тіркеліп, жотасынан асып төгілу 97 см болды. Қазір су торабы 117% толған. Петропавл су қоймасы бүгінде 90,4 пайызға толық.