Өңірде қар қарқынды еріп, су тасқыны қаупі артты. Облыста су басуы мүмкін 100-ден астам елді мекен бар.
Осыған байланысты үйінділер мен бөгеттер көтеріліп, нығайтылу үстінде. Петропавлдағы Ущев көшесі мен Кожевенный кентінің маңындағы бөгетті қазір бетон арқылы бекіту жүргізіліп жатыр. Ал Заречный кентіндегі және 0-8 км жердегі үйінділерді нығайту үшін, яғни шайып кетпеуі үшін қорғаныш материал төселген. Петропавл су торабының сол жағынан реттелетін шлюздері бар айналма канал салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол келген тасқын суды шамадан тыс жиналуына және тұрғын үй секторларына зиян келтірместен ерте кезеңде ағызуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, былтыр көктемде өңір тарихындағы ең ірі су тасқыны болды. 4 мыңға жуық үй су астында қалды.