Тайынша ауданында қоспа жем шығаратын зауыт іске қосылды. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов жылына 130 мың тонна мал азығын шығаратын жаңа кәсіпорынның жұмысын көрді. Сондай-ақ, аймақ басшысы «ЕМС Агро» серіктестестігінің шошқа кешенінде де болды.
«ЕМС Агро» серіктестігі болашақта еліміздегі ең ірі комбинаттардың біріне айналмақ. Биыл шошқа кешенін үлкейтуге 16 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Нәтижесінде кәсіпорын жылына 20 мың тоннаға дейін шошқа етін шығармақ. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталады.
ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- Бір жарым жылдың ішінде мал басы екі есеге яғни, 50 мыңнан 100 мыңға дейін өсті. Енді 200 мыңға жетпек. Бұл- экспорт көлемін арттыруға сеп болады. Сондай-ақ қосымша 150 жұмыс орны ашылады.
«Элеватор Тайынша» серіктестігі астықты қабылдаумен, кептірумен және сақтаумен айналысады. Серіктестік директорының айтуына қарағанда, жаңа зауытты іске қосуға 1 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған. Кәсіпорын жылына 130 мың тонна мал азығын өндірмек.
ШИНАЗБЕК БАЛҚЫБЕК «ЭЛЕВАТОР ТАЙЫНША» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
Жаңа зауыт заманауи қондырғылармен жабдықталған. Қоспа жем ұсақ және ірі қараға, жылқы мен шошқа малына арналған. Жобаның маңыздылығын Құмар Іргейбайұлы атап өтті.
ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- Жақсы сүт пен ет алу үшін сапалы жем қажет. Оның зауытта арнайы жасалғаны жөн. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Кәсіпорынның іске қосылуы фермалар мен құс фабрикаларының санын арттыруға сеп болмақ. Өнімге сұраныстың жоғары болатынына да сенімдімін.
Сондай-ақ кәсіпорынның өз зертханасы бар. Бұл жерде өнімге барлық талдаулар жүргізіледі. Айта кетейік, жаңа зауыттың ашылуымен 70 адам жұмыспқа орналасты.