Елімізде «Ұлы дала керуені» атты халықаралық жылжымалы көрме іске қосылды. Ауқымды іс-шара Петропавлдағы «Ботай» арт-галереясынан бастау алды. Көрме тек Қазақстан қалаларын емес, Ұлы Жібек жолы бойындағы Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия мен Қытай және тағы басқа елдерде ұсынылмақ.
Көрменің мақсаты қазақстандық қылқалам шеберлері мен шетелдік суретшілердің тәжірибе алмасуына жәрдемдесу және Жібек жолы елдерінің тарихына қызуғышылықты ояту. Көрме барысында шеберлік сабақтары, дөңгелек үстелдер мен интерактивті іс-шаралар өткізу жоспарланған.
АЙТКҮЛ ТАСМАҒАМБЕТОВА, СУРЕТШІ:
- Бүкіл дүниежүзі «Ботай» мәдениетін танысын, қазақ халқының тароихы қандай терең екенін білсін деген мақсатта ұйымдастырып отырмыз. Қазақстандағы мықты суретшілердің басын қосып отырмыз. Әртүрлі техникада жұмыс жасайтын шеберлер көп. Басқа қалалардан да ақсы деген жұмыстар мен суретшілерді таңдаймыз.
Жоба әйгілі қазақстандық суретшілердің шығармаларын біріктірді. Экспозицияда майлы және акрил бояулармен салынған 80 кескіндеме ұсынылған. Жұмыс авторлары: Бақытнұр Бурдесбеков, Айткүл Тасмағамбетова және Әділғали Баяндин. Соңғы аталған суретшінің 25 туындысы көрермен назарына ұсынылды.
ӘДІЛҒАЛИ БАЯНДИН, ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:
- Ішінде «Әйел бақыты» деген жұмысым бар. Мен оған тиянақты әрі ізденіспен қараймын. Әйелддің бақыты ол елдің бақыты. Сондай-ақ, тарихи тақырыптарға арналған жұмыстарым да бар. «Күрес» деп аталады. Тек жер бетіндегі күрес емес, екі адамның аттың үстінде космоста күресіп жатқаны бейнеленген.
Жалпы, «Ұлы дала керуені» атты көрме өңірде 2 ай жұмыс істемек..