Биыл Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл. Осыған орай халық жазушысының, қоғам қайраткерінің есімі берілген облыстық кітапханада әдеби кеші өтті. Қаламгердің қазақ әдебиетінде алар орны ерекше. Жазушы қаламынан туған әдеби мұра сан жанрлы. Ол 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьесаның авторы.

Жиын басталмас бұрын қонақтар назарына интерактивті иллюстрациялық кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеде жазушының туыстары тапсырған архивтік материалдар, бірегей құжаттар мен сирек кездесетін фотосуреттер ұсынылған. Экспозицияның ерекше жәдігерлерінің бірі – араб қарпімен жазылған «Қызылжар» романының қолжазбасы. Көрмені жасау барысында жасанды интеллект элементтері қолданылды, мұнда QR-код арқылы Сәбит Мұқанов туралы толық ақпарат алып, фотосуреттердің тарихымен танысып, жазушының бейнекадрларын көруге және оның дауысын естуге болады.

Іс-шараның мақсаты – қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау, сондай-ақ қазақ әдебиетін жастар арасында кеңінен дәріптеу.

Жиынға облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, студенттері мен оқушылар қатысты. Олар Сабит Мұқановтың өмірбаяны мен шығармашылығы жайлы мол мағлұмат алды.