«Хабар» телеарнасының «XXI ғасыр Көшбасшысы» атты төл туындасы Оқу –ағарту министрлігінің қолдауымен қайта жаңғырды. Осыған байланысты Петропавлда білім бәйгесінің облыстық іріктеу кезеңі өтті. Айта кетейік, биыл жобаның эфирге шыққанына 25 жыл толып отыр.
Интелектуалды ойынға қала және аудан мектептерінен жиналған 30-дан астам оқушы қатысты. Олар 2 кезең бойынша сынға түсіп, түрлі деңгейдегі сұрақтарға жауап берді.
БАҚЫТ ҒАБДУЛЛИНА, «ҚЫЗЫЛЖАР ДАРЫНЫ» ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР МЕН ТАЛАНТТЫ ЖАСТАРДЫ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Компьютерлік тест. 20 минуттың ішінде 60 сұраққа жауап беру. Диаллог алаңы. Қатысушылар бейнебаян ұсынып, қазылар алқасымен сұхбаттасады. Бүгінгі сайысқа 31 дарыншы оқушы қатысады. Ең үздік ұпай жинаған 5 оқушы республикалық кезеңге жолдама алады.
Асанәлі Тойболат - Ғ. Мүсірепов атындағы ауданнан келіп отыр. 11 сынып оқушысы 1 ай бұрын өткен аудандық кезеңде жоғары ұпай жинап, үздік деп танылған.
АСАНӘЛІ ТОЙБОЛАТ, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:
- Сұрақтар әртүрлі пәндерден болады деп ойлаймын. Себебі, 1-турда солай болды//Дайындығым орташа. Өйткені мен қазіргі кезде ҰБТ-ға дайындалып жүрмін. Менің сүйікті пәндерім химия, биология. ҰБТ-да осы пәндерді тапсырамын.
Осылайша, «XXI ғасыр Көшбасшысы» араға 4 жыл салып, көрермендерімен қайта қауышпақ. Айта кетейік, республикалық кезеңнің жеңімпазы атанған 3 оқушыға Отандық Жоғары оқу орындарынан білім гранты беріледі.