Қаңтар айының соңында Шал ақын ауданы Ступинка ауылында жеке тұрғын үйден өрт шықты. Өрт кезінде төрт бала мен олардың әкелері мерт болды. Отбасының Петропавлдағы колледждердің бірінде оқитын ұлы ғана аман қалды. Қазіргі таңда балаға қамқорлықты әжесі рәсімдеген. Облыс әкімі елді мекенде болып, қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтты.
Облыс әкімі Шал ақын ауданы Ступинка ауылында көз жұмған отбасының туыстарымен кездесті. Шаңырақтан 16 жасар Станислав қана қана қалды. Ол облыс орталығындағы колледждерінің бірінде білім алып жатыр. Қазіргі таңда жасөспірімге қамқорлықты әжесі Елена Денисенко рәсімдеді. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов оларға мемлекет тарапынан берілетін қолдаулардың барлығы көрсетілетінін жеткізді.
Ғауез Нұрмұхамбетов, СҚО әкімі:
- Өзіңіз білесіз қайғылы жайт болғаннан бастап мен барлығын назарда ұстадым. Бірден Марат Иманбайұлымен Төтенше жағдайлар департаменті бастығын жібердім. Енді бұл жерде барлығы Алланың қолында. Біз қолдан келгеннің барлығын жасадық. Бұл үлкен қиындық. Қазіргі таңда Стасқа қамқорлық рәсемделді. Стастың барлық оқуын, жатаханадағы орнын, тамағын барлығын өз мойнымызға аламыз. Ол жағына уайымдамаңыз.
Өз кезегінде Елена Денисенко жасалып жатқан жағдай үшін облыс басшысына алғыс білдірді.
Аймақ басшысы оларға барлық жағдайдың жасалуын жеке өзі бақылауда ұстайтынын айтты.