Облыста соңғы 5 жылда қылмыс саны 28%-ға төмендеген. Десек те, өткен жылдың соңында денеге ауыр зиян келтіру 19%-ға, бопсалау 50%-ға, есірткі заттарын сату 5%-ға, зорлық-зомбылық әрекеттері 66%-ға,оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты 100%-ға, көліктік құқық бұзушылықтар 15%-ға көбейген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде айтылды.
Өңірде интернет-алаяқтыққа тұсау салынбай тұр. 2024 жылдың соңында бұл қылмыс түрі небәрі 1,5%-ға төмендеген. Сондай-ақ, былтыр аймақта кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық екі есеге артқан.
АСХАТ ЖҰМАБЕКОВ, СҚО ПРОКУРАТУРА БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ:
- Азаматтық кодекстің 953-бабына сәйкес ұрланған қаражатты «дропер»-дан өндіріп алуға болады. Дроперлер - үшінші тұлғаларға банктік шоттары мен карталарын сататын және/немесе беретін тұлғалар. Облыста сот тәжірибесі дамыған. Жәбірленушілерден ұрланған қаражатты толық қайтару фактілері бар.
Қабырғалардан 1700-ден астам наркограффити анықталып, жойылды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 299-1 бабы бойынша есірткі құралдарын насихаттаудың 12 фактісі сотқа дейінгі тергеп – тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Оның ішінде 2 іс сотқа жіберіліп, бас бостандығынан айыру түріндегі жаза шарасын тағайындаумен айыптау үкімі өтті.
АСХАТ ЖҰМАБЕКОВ, СҚО ПРОКУРАТУРА БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ:
- Былтыр облыстың құқық қорғау қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп – тексерулердің бірыңғай тізіліміне есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты 270 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл есірткі өткізу фактілерінің 5,8%-ға өскенін көрсетеді. Нәтижесінде барлығы 135 адам жауапкершілікке тартылды.
Қоса кетейік, өткен жылы облыс аумағында шамамен 8 килограмм синтетикалық есірткі және олардың аналогтары тәркіленіп, жойылды.