Солтүстік Қазақстан облысында 15 қаңтардан бастап «Қару иесі» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Осы уақыт аралығында полиция қызметкерлері 2 мыңнан астам азаматтық қару иесін тексерді. Тексеру барысында 44 құқық бұзушылық анықталды. 23 адам қаруды сақтау ережелерін бұзған. Полицейлер қаруды тек арнайы қару сейфінде сақтау қажет екенін еске салады. Сейфтің ішінде қарудан басқа бөгде заттарды, ақшаны, құнды заттарды және құжаттарды сақтауға тыйым салынады. Сонымен қатар, 21 қару иесі қаруды қайта тіркеу мерзімін өткізіп алған. Барлық құқық бұзушыларға әкімшілік шара қолданылды. Полиция қызметкерлері қарудың ұрлану қаупін азайту үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде бірнеше адам, әсіресе егде жастағы тұрғындар, өздеріне қажетсіз қаруды ішкі істер органдарына тапсыруға немесе оны кейін қайта тіркеу үшін уақытша сақтауға шешім қабылдады.