Қазақстанның әр азаматы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін медициналық көмек алуға құқылы. Десек те, сақтандырылмаған азаматтар да жедел медициналық көмекті тегін ала алады. Петропавлдағы көпбейінді қалалық жедел жәрдем ауруханасына былтыр осындай 366 науқасқа көмек көрсетті, соның ішінде 259 адамға ота жасаған.
Травматология бөлімшесінің дәрігері Дәуіржан Қаныбековтың айтуынша қазіргі таңда 80 адамға арналған бөлімшеде, 50 науқас медициналық көмек алып жатыр. Олардың арасында үсік шалғандар, құлап жарақаттанғандар да бар.
ДӘУІРЖАН ҚАНЫБЕКОВ, КӨПБЕЙІНДІ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ АУРУХАНАСЫНЫҢ ТРАВМАТОЛОГ- ОРТОПЕД ДӘРІГЕРІ:
- Кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек аясында барлық қажетті көмек көрсетіледі. Зардап шеккендер бізге тәулік бойы келіп, қаралады. Ересектерден бөлек балаларға да стационарлық медициналық көмек беріледі, оның ішінде оңалту, шұғыл көмек те бар.
Петропавл тұрғыны Оразбай Айтмұхамбетов екі аяғын үсітіп алған. Қазір тиісті ем алып жатыр.
ОРАЗБАЙ АЙТМҰХАМБЕТОВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
- Тегін көмек көрсетіліп жатыр, дәрігерлерге рахмет. Уақытылы дәрі-дәрмектерімізді алып жатырмыз. Тез жазылып кетемін деген ойдамын.
Өткен демалыс күндері дәрігерлердің көмегіне 60 адам жүгінген. Оның 53-і – қала тұрғыны болса, қалғандары – ауылдан келген. Соның жартысынан астам жарақатты көшеде алған екен.