2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті АҚШ-тың беделді оқу орны – Аризона университетімен стратегиялық серіктестікті бастаған еліміздегі алғашқы жоғары оқу орны болды. Студенттер IT, биотехнология және инклюзивті білім беру бағыттары бойынша мемлекеттік грант негізінде оқытылып жатыр. Бағдарламаны аяқтаған түлектер бірден екі дипломға – Kozybayev University мен The University of Arizona дипломдарына ие болады. Бұл оларға еңбек нарығында үлкен артықшылық береді.

Дәрістерді Қазақстан, АҚШ, Түркия, Италия және Польшаның жетекші профессорлары өткізеді. 2025 жылы Аризона университетінің Тусон қаласындағы негізгі кампусына 40 студент барады деп жоспарланған. 2026 жылы олардың саны 125-ке, ал 2027 жылы 90 студентке жетеді. Білім алу, тұру және жол шығындарының барлығын Манаш Қозыбаев университеті толықтай өз мойнына алады.

МАНСҰР ӘЛІМХАНОВ, KOZYBAYEV UNIVERSITY ИНТЕРНАЦИОНАЛДАНДЫРУ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР БОЙЫНША БАСҚАРМА МҮШЕСІ

- Сонымен қатар, осы үш бағыттан бөлек, бізде 11 бағыт бойынша Халықаралық бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Олар: биотехнология, IT, химиялық сараптама, электроника және телекоммуникация, астрономия, бизнес және менеджмент. Бүгінгі таңда Kozybayev University мен Аризона университетінің қосдипломды және халықаралық бағдарламаларында 1 000-нан астам студент білім алуда.

Аризона университетімен бірлескен жоба өңірде білім беру туризмін дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Абитуриенттер шетелде толыққанды білім алудың отандық университетте шетелдік диплом алудан әлдеқайда қымбат екенін түсінеді. Осындай артықшылықтардың арқасында еліміздің түкпір-түкпірінен талапкерлер Kozybayev University-ге келіп жатыр.

МАНСҰР ӘЛІМХАНОВ, KOZYBAYEV UNIVERSITY ИНТЕРНАЦИОНАЛДАНДЫРУ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР БОЙЫНША БАСҚАРМА МҮШЕСІ:

- Мысалы, бізде Ресейден келген студенттер білім алуда. Егор Рохин IT мамандығы бойынша қосдипломды бағдарламада бірінші курста оқиды. Айтуынша, оны университетті бітірген кезде қазақстандық және шетелде жоғары бағаланатын американдық диплом алу мүмкіндігі қызықтырған. Бұл студенттерге үлкен мүмкіндіктер ашады. Айта кету керек, біздің студенттер грант негізінде толықтай тегін білім алады. Ал егер Аризона университетінің Америкадағы кампусында оқығысы келсе, бір жылдық оқу құны 40 мың АҚШ долларынан асады. Біз өз студенттерімізді 3-курста АҚШ-тың Тусон қаласындағы оқу кампусына жібереміз. Сонымен қатар, шетелдік талапкерлер Қозыбаев университетінің қосдипломды бағдарламаларына ақылы негізде түсе алады. Бұл бағдарламаның коммерциялық құны – 5 миллион теңге.

Бүгінгі таңда университетте 16 елден келген 169 шетелдік студент білім алып жатыр. Бұл көрсеткіш халықаралық білім беру туризмін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың арқасында үнемі өсіп келеді. Университет Орталық Азия мен Ресей елдерінде тұрақты түрде халықаралық білім көрмелерін, онлайн-презентациялар мен кездесулер ұйымдастырады. Сонымен қатар, осы аймақтардағы білім беру ұйымдарымен серіктестік пен өкілдіктер желісі қарқынды дамып келеді. Осылайша, Kozybayev University Орталық Азиядағы халықаралық білім беру хабына айналуда.