Осыдан 1 ай бұрын қалада «Таза Қазақстан» акциясы аясында құстарға қамқорлық ретінде қолдан ұя жасау бойынша байқау басталған. Қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған сайысқа қатысуға 60-тан астам қала тұрғыны ниет білдірген. Бүгін сол байқау мәресіне жетіп, қатысушылар марапатталды.
Байқауға қатысуға барлығы 30-ға жуық қала тұрғыны іріктеліп алынған. Олар сайыс шарты бойынша өз қолдарымен жем салынған құстың ұясын жасаулары керек.
ДАМИР ӘБДИН, ПЕТРОПАВЛ Қ. ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
- Байқау шарты бойынша қатысушылар ұяны экологиялық материалдардан жасау керек. Бұл ұзақ уақыт бойы құстарға пана болуға да септігін тигізеді. Біз марапаттау аяқталғанан кейін бірден ұяларды Жеңіс саябағының маңына орнатып шығамыз.
Байқауға қатысқандардың дені – бүлдіршіндер. Ал зейнеткер Бақытжан Әділов сайыс туралы әлеуметтік желіден естіп, қатысуға шешім қабылдаған. Азамат ерекше әрі көлемді болып шыққан жұмысына 1 апта уақытын жұмсапты.
БАҚЫТЖАН ӘДІЛОВ, ЗЕЙНЕТКЕР:
- Мен бұл конкурс туралы инстаграм желісінен көріп қалдым. Қыста құстарға тамақ табу қиын ғой. Біздің аулада осындай ұялар көп. Көршіер тамақ салып отырады. Мен үлкенін істеп алып келдім. Оны да іліп қоямыз. 1 апта істедім. Темір, ДСП фанера қолдандым.
Қатысушыларға белсенділік танытқанлары үшін арнайы грамота мен тәтті сыйлықтар табысталды.