Солтүстік Қазақстан облысында 116 елді мекенді су басуы мүмкін.
Сергеев су қоймасы өңірдегі басты гидронысан саналады. Мамандардың айтуынша, жыл басында 4 сантиметрге көтерілген өзен деңгейі біртіндеп түсіп келеді. Алайда нысан әлі де 101 пайызға толып тұр. Өзеннің қыс бойы тасып жатуы – тарихта болмаған құбылыс. «Қазгидромет» өкілдерінің айтуынша оған жаз бойы толастамаған жаңбыр мен қыс жылы болғандықтан жер асты суының көтерілуі себеп. Қазір төтенше жағдай қызметі қауіпті аймақта орналасқан қалалар мен ауылдарда тасқынға қарсы дайындықты күшейтті. 250-ге тарта эвакуациялық пункт әзірленді. Қазір негізгі күш бөгеттердің құрылысына бағытталып отыр. Ал наурыз айында өзен-көлдерде мұз жару жұмысы басталады.