Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылында полицейлер жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен ауқымды акция өткізді. Олар жергілікті автоәуесқойларға жүгініп, жексенбі күнін автошеруге арнауды ұсынды, сондай-ақ интернет-алаяқтыққа қарсы күресте күш біріктіруге шақырды.
Акцияға келген әрбір адамға көлігіне «Тоқта, алаяқ!» жапсырмасы пен жадынама берілді. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлнұр Ахмедьяров кибералаяқтық бүгінгі таңда қылмыстардың ең көп таралған түрлерінің бірі екенін еске салды.
Бұдан бөлек, полицейлер викторина ұйымдастырды. Оның барысында автокөлік жүргізушілерінің білімін тексерді. Алдаудың қай түрі жиі кездеседі деген сұраққа қатысушылардың барлығы бірауыздан «банктен қоңырау шалу» тәсілі екенін айтып, дұрыс жауап берді.
Сонымен қатар көлік жүргізушілері телефон арқылы алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының, ұялы байланыс операторлары, Қазпошта ұйымдарының қызметкерлері деп таныстыруы мүмкін екенін айтты.
Викторинадан соң қатысушыларға палау үлестірілді. Кейін полиция көліктерімен бірге барлығы Смирново ауылының негізгі көшелерімен жүріп өтті. Автошеру барысында дауыс зорайтқыштар арқылы аудан орталығының тұрғындарына интернетте сөйлескен кездегі сақтық туралы, жеке қаржыға қатысты кез келген ақпаратты ресми арналар арқылы тексеру қажеттілігі туралы ескертілді.