Астрономия ғылымымен танысып, жұлдыздарды жаңа қырынан танып, ғарыш жайлы көкжиегін кеңейткісі келетіндер үшін М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің астрофизикалық обсерваториясының есігі әрдайым ашық. Петропавл қаласының көрнекті нысаны саналатын ғимаратта біздің түсірілім тобы болып қайтты.

Астрофизикалық обсерватория - Солтүстік Қазақстан университетінің мақтанышы. Мұндай ғылыми нысан елдің бірде-бір университетінде жоқ. Ол 2004 жылы ашылып, әйгілі астроном Андрей Солодовниктің есімімен тығыз байланысқан. Оның 40 жылдық тәжірибесі мен ғылымға қосқан сүбелі үлесі бар.

АНДРЕЙ СОЛОДОВНИК, М. ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ, АСТРОНОМ: 

- Біз ғылыми адалдық үшін, өз мүддеміз үшін жұмыс істейміз. Осылайша астрономия ғылымында да студенттер үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатынын түсіндіргім келеді. Жас кезімнен бастап, осы уақытқа дейін мені шабыттандыратын бір мысал бар. Бірде мен жұлдызды аспанға мұқият қарап тұрдым. Кенеттен маған «мен ол жаққа қарап тұрған болсам, демек мені де сол жақтан біреу бақылап тұрған болар» деген ой келді.

Астрофизикалық зерттеулер орталығында тек ғалымдар ғана емес, студенттер де жұлдыздар мен ғарышты зерттейді. Астрономия ғимарат ашылған уақыттан бастап оқытылады.

НАДЕЖДА СОЛОДОВНИК, АСТРОФИЗИКАЛЫҚ ОБСЕРВАТОРИЯНЫҢ ӘДІСКЕРІ: 

- Біздің обсерватория ғылыми және білім беру жобаларымен де айналысады. Бізде «Астрономия» пәні оқытылады. Студенттеріміз осы жерде практикалық сабақтарын өткізеді. Магистранттар диссертациялар, ғылыми жобалары мен дипломдық жұмыстарын жазады. Сонымен қатар мектеп оқушылары үшін экскурсиялар ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, колледж, лицей, балабақша, шағын орталықтардан да келеді. Қала бойынша 45 білім ордасын қамтимыз.

Қала қонақтары мен тұрғындарының жұмыс күндері сағат 10-нан, 16.00 ге дейін тегін экскурсияға келуге мүмкіндігі бар. Тек келушілер саны көп болуы тиіс. Сонымен қатар, планетарийге де кіруге болады.