Өңір бойынша 2017 жылы 9 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаса, өткен жылы мұндай 3 жағдай тіркелген. Сондықтан облыстық психикалық денсаулық орталығы жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бойынша жұмыстарды жиі өткізеді. Бүгін сондай жиынның бірі Петропавлдағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде ұйымдастырылды.

Түсіндіру жұмысы айына 2 мәрте тренинг сабақ, вебинар және дөңгелек үстел форматында өтеді. Сондай-ақ, ата-ана, ұстаздар және жасөспірімдердің өздерімен жеке-жеке ұйымдастырылады. Бүгінгі жиын мұғалімдерге арналған.

БАҚЫТГҮЛ ҚАЛИЕВА, №17 ҰЛТТЫҚ ӨРКЕНДЕУ ОРТА МЕКТЕП-КЕШЕНІНІҢ ПСИХОЛОГЫ:

- Орталықтың мамандары оқушылар, ұстаздар мен ата-аналармен әрдайым түрлі тақырыпта іс-шаралар өткізіп отырады. Автодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында көп жұмыстар атқарылуда. Өйткені қазір жасөспірімдердің арасында өзіне қол жұмсау фактілері көбеюде. Сондықтан, осындай орталықтармен біріге жұмыс жасау өз нәтижесін береді деп ойлаймын.

Сонымен қатар, орталық жасөспірімдер арасында алкаголь тұтынудың алдын алу бойынша да жұмыс жүргізеді. Алайда биылғы жылдың 10 күнінің ішінде 5 бала орталыққа ем алуға жатқызылды. Оның 3-еуі ұл болса, 2-еуі қыз.

ДӘУРЕНБЕК БЕЙСЕМБАЕВ, ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Өткен жылы өкінішке қарай стационарда 65 жасөспірім ем алды. Біздің орталыққа балалардың өздері де жүгінетін кездері болады. Өткен жылы мұндай 86 жағдай тіркелген. Олардың басты мәселелері – отбасы. Жасөспірімдік кезеңде болғандықтан кіммен байланысарларын білмейді. Сондықтан бізге хабарласады. Барлығына психологиялық көмек беріліп, оқуларын әрі қарай жалғастырып жатыр.

Орталық мамандары қазіргі таңда қала мектептері мен колледждерін қамтыған, кейін аудандарға шықпақ.