Төрт аяқты құтқарушылар
Үйінді астында, қалың орман ішінде немесе айдын су бетінде адасып, табиғи апатқа тап болған әрбір жанды құтқару үшін әрбір минут -алтыннан да қымбат. Дәл осындай сын сағаттарда көмекке төрт аяқты қызметтік иттер келеді. Олар тіпті көз жетпейтін, адам бара алмайтын жерлердің өзінен де адам иісін қатесіз сезіп, тауып алады. Құтқарушылардың ең адал көмекшілері қалай жұмыс істейді және олар қандай күрделі жаттығулардан өтеді?
Кинология саласындағы ширек ғасырлық тәжірибе. Бұл - қызметтік иттердің тілін шебер меңгерген Сергей Ящуктің жүріп өткен ғибратты жолы. Ол еңбек жолын шекара әскерінен бастап, кейін кеден саласы мен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бағытында қажырлы қызмет етті. Қай салада болсын, оның сенімді серігі әрі айнымас көмекшісі - төрт аяқтылар еді. Жылдар бойы талай қызметтік итті баптаған маман, құрметті демалысқа шықса да, сүйікті ісінен қол үзген жоқ. Бүгінде ол Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының кинологиялық бөлімін абыроймен басқарып келеді
СНХ:СЕРГЕЙ ЯЩУК – СҚО ТЖД КИНОЛОГИЯЛЫҚ ТОБЫНЫҢ БАС ҚҰТҚАРУШЫСЫ
Мұндай төрт аяқтылардың қатарында Айктың да орны ерекше. Бірнеше жыл бұрын ол жергілікті ЖЭО-дағы мұржа құлаған кезінде іздеу жұмыстарына қатысып, үйінді астынан зардап шеккендерді тапты. Алайда, мұндай жоғары нәтижелердің артында қажырлы да күнделікті жаттығулар тұр. Иттерді шулы ортаға, әр түрлі күрделі беткі қабаттарға біртіндеп үйретіп, төтенше жағдайда сасып қалмай, кинолог пәрменін мүлтіксіз орындауға дайындайды. Қазіргі таңда ТЖД кинологиялық тобында малинуа, лабрадор және спаниель тұқымды жүйріктер қызмет етіп жүр. Олардың әрқайсысы үшін мұнда барлық жағдай жасалған.
Луна тоғыз жаста болғанымен, бұл оның жұмысына кедергі емес. Лабрадор бұрынғыдай белсенді түрде пәрмендерді орындап, адамды сенімді түрде іздеп табады. Жылдар бойы Сергей Владимирович пен оның арасында ерекше байланыс қалыптасқан. Кинологтың бір ғана белгісі Лунаға не істеу керектігін түсінуге жеткілікті.Олардың басты міндеті - адамды тауып, құтқарушыларға көмектесу.