Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде «Ашық есік күні» өтті
Ғасырлық тарихтың көне парақтары, Абылай хан дәуірінен жеткен сирек құжаттар мен миллионнан астам жәдігер. Бүгін Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде дәстүрлі «Ашық есік» күні өтті. Өңірдің бас тарихи қоймасына арнайы шақырылған мектеп оқушылары сирек кездесетін құжаттардың түпнұсқалармен танысып, тарих қойнауына саяхат жасады.
Бүгін еліміз бойынша ауқымды іс-шара өтіп жатыр. Қазақстанда 200-ден астам қор бар болса, соның 17-сі облыстық, 4-еуі республикалық мекеме. Бүгін олардың барлығында бір мезгілде «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Бұл бастама осыдан 5 жыл бұрын Мұрағат комитетінің тапсырмасымен қолға алынған. Басты мақсаты - халыққа деректер қоймасының жұмысын көрсетіп, түпнұсқа құжаттар арқылы тарихымыздың қаншалықты терең екенін түсіндіру.
СНХ: СӘУЛЕ МӘЛІКОВА — СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Оқушылар тек құжаттарды көріп қана қоймай, архив саласының ішкі тыныс-тіршілігімен, құжаттарды сақтау мен қалпына келтіру технологиясымен танысты. Оларға халықаралық конференциялар мен семинарларда ұсынылатын бірегей көрмелер мен жеке қордағы сақталған бағалы жәдігерлер паш етілді.
СНХ: МЕРЕКЕ БАЙМҰҚАНОВ — АРХИВТІК ҚҰЖАТТАРДЫ ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Ғасырлар құпиясы сақталған парақтарды өз қолымен ұстап, бұрын-соңды естімеген деректерге қаныққан мектеп оқушылары да бұл саяхаттан ерекше әсер алды.
СНХ : АРУЖАН СЕЙДІМБЕК – МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ IT-ЛИЦЕЙ ОҚУШЫСЫ
Жалпы, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің құрылғанына биыл 103 жыл толды. Бұл — еліміздегі ең көне тарихи мұрағаттардың бірі. Мұнда 1853 жылдан басталатын түпнұсқа құжаттар сақталған. Тіпті, шетелден табылған XVIII ғасырдың 40-50 жылдарына жататын Абылай хан туралы және Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы құнды мемлекеттік деректер де осы қоймада сақтаулы. Бүгінде мұнда облыстың 13 ауданы мен Петропавл қаласының тарихын қамтитын 1 миллион 818 мыңнан астам құжат жинақталған. Іс-шара ұйымдастырушылары мұндай «Ашық есік» күндері жас ұрпақтың отаншылдық рухын көтеріп, өткенге деген құрметін арттыратынына кәміл сенімді.