Негізгі Жаңалықтар Саумалкөлде «Жас сақшы» сыныбы ашылды

Саумалкөлде «Жас сақшы» сыныбы ашылды

Айыртау ауданы Саумалкөл қазақ орта мектебінде «Жас сақшы» сыныбы ашылды. Мұнда 18 оқушы қабылданды. Жоба полиция, аудан әкімдігі және жергілікті кәсіпкерлердің бірлескен қолдауымен жүзеге асты.

Салтанатты рәсімге СҚО ПД бастығы Руслан Назаров, Айыртау ауданының әкімі Мейрам Мендібаев, ардагерлер, педагогтер мен ата-аналар қатысты. Іс-шара полицияның қару-жарағы мен арнайы құралдарының көрмесінен басталып, оқушылар өңірдегі ішкі істер органдарының тарихымен танысты. Сынып үшін арнайы кабинет жабдықталып, онда Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовқа арналған естелік бұрышы, ведомстволық оқу орындары туралы ақпараттық стендтер мен еліміздің халық қаһармандарының портреттері орналастырылды. Оқушылар «Жас сақшы» антын салтанатты түрде қабылдап, оқуда үлгі болуға, үлкендерді құрметтеуге және салауатты өмір салтын ұстануға уәде берді.

Ант қабылдау рәсімінен кейін СҚО ПД арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері жауынгерлік тәсілдерді көрсетті. Ал облыстық полиция мәдениет орталығының вокалдық тобы өнер көрсетті. Руслан Назаровтың айтуынша, мұндай сыныптардың міндеті – болашақ қызметкерлерді даярлаумен қатар, жасөспірімдерге ерте жастан жауапкершілік, тәртіп және ережелерді құрметтеу құндылықтарын қалыптастыру. Оқушылар қауіпсіздік негіздерін меңгеріп, өз әрекеттерінің салдарын бағалауға және қауіп-қатерлерге дұрыс әрекет етуге үйренеді. Саумалкөлдегі сынып СҚО-дағы тоғызыншы «Жас сақшы» сыныбы болды. Бұған дейін Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы – Булаевода және Возвышенка, Қарақоға ауылдарында осындай сыныптар ашылған. 


Бөлісу