Велошабандоз Алексей Луценко Азия ойындарының бес дүркін чемпионы атанды
Қазақстандық велошабандоз, Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Алексей Луценко Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Жерлесіміз жекелей жарыста алтын медаль иеленіп, Қазақстан құрамасының қоржынына биылғы Азиададағы екінші алтын жүлдені салды.
Бұл жеңіс Алексей Луценко үшін Азия ойындарындағы бесінші алтын медаль болды. Спортшымыздың жоғары нәтижесі оның шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеп, қазақстандық велоспорттың халықаралық аренадағы беделін айшықтай түсті. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Алексей Луценконы жарқын жеңісімен құттықтап, жерлесіміздің бұл жетістігі өңір үшін үлкен мақтаныш екенін атап өтті. Ғауез Торсанұлы әлеуметтік желіде «Халықаралық аренада Қазақстанның намысын абыроймен қорғап жүрген жерлесімізді мақтан тұтамыз. Алексейге және еліміздің барлық спортшыларына сәттілік, сәтті старттар мен жаңа жеңістер тілеймін»,-деп өз лебізін білдірді.