Бір қадам – бір игі іс
Облыс орталығында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ерекше экологиялық интерактив өтті. Орталық алаңда бас қосқан жастар мен қала тұрғындары ойын түрінде қоқыс сұрыптап, табиғатты қорғаудың қарапайым ережелерін меңгерді. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шара қалай өткенін әріптесім айтып берсін.
Конституция көшесіндегі орталық алаң бұл күні нағыз экологиялық білім алаңына айналды. «Таза Қазақстан: бір қадам – бір игі іс» интерактиві дәстүрлі сенбіліктерден өзгеше форматта ұйымдастырылды. Мұнда қатысушылар төрт түрлі кезеңнен өтіп, логикалық тапсырмаларды орындады және қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын ұғынды. Іс-шараның басты мақсаты — жастар бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
СНХ: АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА - ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
Эко-интерактивке қала тұрғындарымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының 13 ауданынан келген белсенді жастар қатысты. Олар «Taza Fashion Week», «Эко-аңшылық», «тізбекті реакция» және «Эко-дартс» кезеңдерінде пластик, қағаз, шыны мен металды дұрыс сұрыптап, экологиялық проблемалардың себеп-салдары мен шешу жолдарын іздестірді. Тапсырмалар тартысты әрі қызықты өтті.
СНХ: БОТАГӨЗ МЕЙРАМОВА – ШАЛ АҚЫН АУДАНЫНЫҢ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
Жалпы, жыл басынан бері Жастар ресурстық орталықтары мен волонтерлардың ұйымдастыруымен 400-ден астам экологиялық іс-шара өткізілді. Бұл тек аймақты тазалау емес, көгалдандыру акциялары, шеберлік сабақтары мен танымдық ойындарды қамтиды. Экологиялық мәдениетті калыптастыруға бағытталған мұндай бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.