СҚО ПД бастығы Есіл және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарға жұмыс сапарымен барды
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Есіл ауданы мен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға жұмыс сапарымен барды. Руслан Назаров бөлім қызметкерлерінің жұмыс жағдайымен танысып, техникаларды тиімді пайдалану жайын бағамдады.
Екі аудан да – ауыл шаруашылығы дамыған ірі аумақтар. Елді мекендер бір-бірінен ондаған шақырым қашықта орналасқан. Мұндай жағдайда полицейлердің мобильділігі мен заманауи технологияларды пайдалану ерекше маңызға ие. Руслан Назаров қызметкерлердің жұмыс жағдайымен танысып, қызметтік көліктерді қарап шықты, дрондардың тиімді пайдаланылуына көз жеткізді, жедел басқару орталықтарының жұмысымен танысты.
Бұл орталықтар облыс аудандарында кезекші бөлімдердің базасында құрылуда. Мониторларда аудандардағы ондаған бейнебақылау камерасынан түсетін бейне көрсетіледі. Жылу камераларымен, прожекторлармен және дауыс зорайтқыш құрылғылармен жабдықталған дрондар ауқымды аумақта бақылау жүргізіп, іздестіру іс-шараларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кездесулер барысында Руслан Назаров жеке құрамға Ішкі істер министрлігінің кәмелетке толмағандар арасындағы және қайталама қылмыстардың, мал ұрлығы мен есірткі өткізудің алдын алуды күшейту, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі талаптарын жеткізді. Жалпы жыл басынан бері СҚО-да тіркелген қылмыстар саны 17,5 пайызға төмендеп, ашылу көрсеткіші 66,6 пайызға дейін өсті. Бұл көрсеткіштерге ауылдық жерлерде қызмет атқаратын полицейлердің де үлесі бар.
СҚО ПД бастығы «Заң мен тәртіп» қағидатына да жеке тоқталып, оның жүзеге асуы әр қызметкерден – тәртіптен, қызметке деген көзқарастан және адамдарға құрметтен басталатынын атап өтті. СҚО ПД басшылығының аудандық бөлімшелерге жұмыс сапарлары жалғасуда.