Негізгі Жаңалықтар Мемлекеттік органдардың бизнес алдындағы бірыңғай есеп беру күні

Мемлекеттік органдардың бизнес алдындағы бірыңғай есеп беру күні

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде мемлекеттік органдардың бизнес өкілдерімен есептік кездесуі өтті. Жиында бақылау және қадағалау органдарының өкілдері жыл ішінде атқарылған жұмыстардың қорытындысын таныстырып, жүргізілген тексерулердің нәтижелеріне тоқталды.

Мемлекеттік органдардың бизнес өкілдері алдында есеп беруі бүгінде дәстүрге айналған. Бірыңғай есеп беру күні еліміздің барлық өңірінде қыркүйек айының соңғы бейсенбісінде өткізіледі. Бұл бастаманы 2019 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. Мұндай кездесулер мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасында ашық әрі өзара тиімді диалог орнатуға мүмкіндік береді. Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев өңірдегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қатысты статистикалық мәліметтерді таныстырды.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ 

Кездесуде құқық қорғау органдары мен кәсіпкерлер арасындағы өзара байланыс мәселесі де сөз болды. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Марат Жұмалиевтің айтуынша, биылғы жылдың тоғыз айында заң бұзушылықтар мен заңсыз тексеру фактілері анықталмаған. Құқық қорғау органдары жеке күзет ұйымдары, қару-жарақ пен оқ-дәрі сататын дүкендер, сондай-ақ бірқатар дәріхана мен кәсіпорынды тұрақты бақылауда ұстайды.

МАРАТ ЖҰМАЛИЕВ, СҚО ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Бірыңғай есеп беру күні дәстүр бойынша мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікірлерін білдірді. Кәсіпкерлердің бірқатар сауалына жиын барысында жауап берілді, қалған өтініштер тиісті органдардың қарауына жолданды. Кездесуде бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар, өрт қауіпсіздігі және еңбек заңнамасы мәселелері де талқыланды. Еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, облыста 3302 кәсіпорынға мониторинг жүргізілген.

Бөлісу