С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Білім арқылы экологияға» атты зияткерлік сайыс өтті. Бұл іс-шараның басты мақсаты экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Зияткерлік сайысқа колледж студенттері мен волонтерлер қатысты. 40-қа жуық адам бірнеше топқа бөлініп, қоршаған орта мен табиғатқа қатысты сұрақтарға жауап берді. Ұйымдастырушылардың сөзінше жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру үшін бұл сайыс жиі өткізіліп тұрады.

ОКСАНА ГОНЧАРЕНКО, ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ЖӘНЕ АҚПАРАТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ:

- Білім арқылы экологияға» зияткерлік ойыны жастарды біріктіріп, экологиялық мәселелерді бірге шешуге талпындырады. Бұл ойынды жастар арасында жиі өткіземіз. Одан бөлек «Таза Қазақстан» акциясы да биыл кең көлемде атқарылды. Осындай іс-шаралардың барлығы экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін керек.

Максим Синяковский гуманитарлық-техникалық колледж студенті. Бүгінгі зияткерлік сайысқа өз білімін арттыру үшін келген. Ол қоршаған ортаны ластамауға шақырады.

МАКСИМ СИНЯКОВСКИЙ, СТУДЕНТ:

- Біріншіден кез-келген адам өзінің тұратын жерін, қоршаған ортасын ластамауы керек деп ойлаймын. Себебі тазалық адамның өзінен басталады. Осы ойын барысында қоршаған орта мен табиғатқа байланысты сұрақтарға жауап бердім.

Ойын соңында қатысушылар естелік сыйлықтармен, ал жеңімпаздар дипломдармен марапатталды.