Өңірдің жас өнертапқыштары үшін жақсы жаңалық. Петропавлдағы креатив орталықта «SKO HUB» ашылды. Енді мұнда жастар стартап жобалары мен креативті идеяларын жүзеге асыра алады. Ашылу салтанатына облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев қатысып, талантты жастардың жобаларымен танысты, жоспарларын білді.
34 жастағы Ильдар Бикмаматов – кішкентайынан IT саласына құмар. Ол осы уақытқа дейін 30 дан астам жоба жасаған. Ал қазіргі таңда жүзеге асырып жатқан жобасы «BayLang technology» деп аталады.
ИЛЬДАР БИКМАМАТОВ, IТ МАМАНЫ:
- Жобам бағдарламаларды жылдам әрі сапалы жасауға мүмкіндік береді. Жалпы, көптеген компанияларда шұғыл түрде жаңа жоба істеу керек болып жатады. Оған, әдетте кем дегенде 6 ай қажет. Бірақ, басшылық жобаны 1 ай ішінде тапсыру міндетін қояды. Менің жобам арқылы ондай бағдарламаларды 5-10 есе тез жасауға болады.
Бұл Қазақстан бойынша ашылып жатқан он сегізінші хаб. ASTANA HUB өңірлік даму кеңсесінің директоры Аида Дусованың пікірінше, цифрлық бағытқа жастарды көптеп тарту керек. Себебі, ол – қазіргі заман талабы.
АИДА ДУСОВА, ASTANA HUB ӨҢІРЛІК ДАМУ КЕҢСЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Мені Петропавлдағы бір талантты жастың жобасы қатты қызықтырды. Ол жігіттің бойындағы әлеуеті өте жоғары деп ойлаймын. Бүгінде оған көмектесе алатын программист іздеп жатырмыз. Жалпы, осы облыста креавтивті, ойы ұшқыр жастар жетерлік. Біз оларды міндетті түрде қолдаймыз. Идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік береміз.
Бұл жерде 35 жасқа дейінгі жастар жұмыс істеп, жобаларын жүзеге асыра алады. Барлығы тегін. Сондай-ақ, «SKO HUB» та түрлі хакатондар, семинарлар және арнайы оқыту курстары дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ.