Алматыда сұлулық пен денсаулық мамандарына арналған алғашқы ресми халықаралық чемпионат өтті. Оған 12 елден 300-ден астам адам қатысты. Петропавлдық шаш маманы Asian Global Cub 2024 чемпионаты номинациясының бірінде жүлдегер атанды.
Мария Абраменко сұлулық индустриясында 15 жылдан астам жұмыс істейді. Ол алғашқыда шаш қырқудан бастап, кейін шаш бояуға көшкен. Бұл бастама классикалық бояудан күрделі, коммерциялық техникаға айналды. Бүгінде ол өз ісінің жетекші маманы. Шәкірттері де бар. Шебер біліктілігін арттырудан әсте шаршаған емес.
МАРИЯ АБРАМЕНКО, ASIAN GLOBAL CLUB ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ:
- Шашты боятуға қазір сұраныс жоғары, қыз-келіншектердің көңілінен шығу үшін бұл салада өзгеріс көп. Өз-өзіңді дамыту ешқашан кеш емес. Әр ай сайын жаңаша шаш бояу үлгілері шығып жатады. Жаңа стиль, жаңа сән. Сондықтан өз біліктілігімізді үнемі шыңдап жүреміз.
Жақында Мария Алматыда өткен сұлулық пен денсаулық саласы кәсіпқойларына арналған Азия чемпионатынан жүлдегер болып оралды. Сұлулық шебері коммерциялық бояу номинациясы бойынша қатысты. Қызмет көрсету процесі қымбат, десе де нәтижесі ұзаққа жетеді.
МАРИЯ АБРАМЕНКО, ASIAN GLOBAL CLUB ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ:
- Осы номинацияда мен 4-орынға ие болдым. Бастапқы орындарды Астана мен Алматы қаласы алды. Мен ұзын, шашы қалың модельді таңдадым. Сол арқылы жұмыс қаншалықты ауқымды, қымбат әрі сұранысқа неліктен ие екенін жеткізгім келді. Оған толық 8 сағатым кетті.
Қазылар алқасы жұмыстың күрделілігін бағалады. Шашқа қатысты маңызды сәттер де талқыланды. Мария өз нәтижесіне дән риза. «Мұндай чемпионатқа қатысудың өзі жеңіс», - дейді шебер.
МАРИЯ АБРАМЕНКО, ASIAN GLOBAL CLUB ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ:
- Мен ол жерге келіп, қатысушылардың жұмысын көргенде, маған дипломның да қажет емес екенін, шашты жақсы бояйтынымды түсіндім. Бір жылдан кейін мені осы чемпионатқа қайта қатысуға шақырды, бірақ мен басқа номинацияларда бағымды сынап көргім келеді.
Мария Абраменко сұлулық және денсаулық қауымдастығына кірді. Шаштараз – адамның сыртқы келбетін ғана емес, ішкі жан дүниесін де өзгерте алатын суретші іспеттес.