Сергеев су қоймасының деңгейі соңғы 3 айда небәрі 2 сантиметрге төмендеді. 8 айдан бері су арнасынан түспей, тасып жатыр. Мамандар бұндай құбылыс тарихта болмағанын айтады. Ерке Есілдің тосын мінез танытуының себебі неде? Биыл көктемде болған тасқын қайталануы мүмкін бе? Сауалдардың жауабын әріптесім Эльмира Кәленова іздеп көрген еді.
ЭЛЬМИРА КӘЛЕНОВА, ТІЛШІ:
- Сарқырап аққан су сәуірден бері толастамады. Қазір ол ернеуінен 4 см-ге асып жатыр. Көктемгі тасқын кезінде бұл көрсеткіш 4 метр 25 сантиметрге жетіп, рекорд орнаған еді. Гидронысан арқылы 9 млрд текше метр су өтті. Бұл да бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
Тұрар Оразалин Есілдің жағасында туып-өскен. Көктемде еріген қар суымен молайып, арнасынан асатын өзен әдетте жазда қалыпқа түсетінін айтады. Ал биыл ерке Есіл екпіндете тасып жатыр.
ТҰРАР ОРАЗАЛИН, СЕРГЕЕВКА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Ең көп дегенде қараша айының басында су қатып, қозғалыс ешқандай болмайтын. Беті қатса да, міне астында қазіргі уақытта су жүріп жатыр. Ал бұрын мұндай мұздың астынан су жүрген уақыт болған емес.
Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өзеннің тереңдігі 70 сантиметрге дейін көбейген. Ал кей аудандарда су деңгейі қайтадан көтеріліп жатыр.
НАТАЛИЯ ЛЕВИНА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» АҚ СҚО ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Аударма Қазір мұз қалыңдай бастады. Салдарынан өзен деңгейі аздап көтерілді. Судың көп болуына көктемгі тасқын, жаңбырлы жаз, жерасты суларының көтерілуі себеп болып отыр. Сергеев су қоймасы желтоқсан айының соңына дейін тасуы мүмкін.
Сергеев су қоймасы 1969 жылы салынған. Сыйымдылығы 700 млн текше метрге жақын. Мамандар көктем мезгілі басталғанша нысанның кемінде бестен бір бөлігін босату қажеттігін айтады. Қазір су қоймасы 101 пайызға толып тұр.
ШҰҒАЙЫП ИБАТУЛЛИН, «ҚАЗСУШАР» РМК ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Көпфакторлы тексеруден өтті. Оның бәрі, жағдайы тұрақты. Жаңағы фонд «Демеудің» арқасында биыл қайтадан тексеруден өтіп жатыр. Қандай шешім қабылданатынын түгел сол 2025 жылы белгілі болады. Күрделі жөндеу болған жоқ и бұны күрделі жөндеудің бүгінгі таңда қажеті де жоқ.
Синоптиктердің мәліметінше биыл солүстікте қыс қарлы болады. Ал көктем әдеттегі мерзімнен ерте келмек. Мамандар бұл факторлар тасқынның болуына әсер ететінін айтады. Дегенмен дәлірек болжам ақпан айында жасалмақ.