Петропавлда ұзақ сақталатын нан-тоқаш өнімдерін шығаратын зауыттың негізі қаланды. Жобаны ресейлік инвесторлар қолға алған. "Бейкертон" ЖШС - "Хлебпром" ірі кондитерлік компаниясының еншілес кәсіпорны. Облыс әкімі Гауез Нұрмұхамбетов жаңа зауыттың капсуласын салу рәсіміне қатысты.

Бұл күн өңір тарихында алтын әріптермен жазылатын болады. 2026 жылы Петропавлда облысымызда бұрын-соңды болмаған ұзақ сақталатын нан-тоқаш өнімдерінің және донат зауыты ашылады. Бүгін өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов өндіріс ошағының алғашқы кірпішін қалады. Құрылыс жұмыстарына ресейлік серіктестік ақша құйады. Жоба құны - 37,3 млрд теңге. Шара барысында Ғауез Торсанұлы жаңадан бой түзегелі отырған "Бейкертон" серіктестігінің басшылығымен меморандумға қол қойды. Содан соң кәсіпорын директоры Марина Баяндина болашақ нысан жайында толығымен ақпар берді.

МАРИНА БАЯНДИНА, "Бейкертон" ЖШС директоры:

- Сыртқы жұмыстарды 2025 жылдың желтоқсан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда зауытқа қажетті құрылғыларға тапсырыс беріп қойдық. 2026 жылдың басында ішкі жұмыстарды бастаймыз. Кәсіпорынның жалпы аумағы 16 мың шаршы метрді құрайды. Болашақта Қазақстан мен Ресейді нан-тоқаш өнімдерімен қамтамасыз ететін ең ірі серіктестікке айналғымыз келеді. Сіздердің тарапыңыздан қазірдің өзінде зор көмек көрсетіліп жатыр. Алғысым шексіз.

Зауыт іске қосылысымен 370 адам жұмыспен қамтылады. Кәсіпорын жылына тонналап өнім өндіреді. Маңызды нысанның құрылысымен елімізге танымал "BI Group" холдингі айналысады. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жауапты құрылысшыларға жұмысты сапалы атқару қажеттігін айтты.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Құрылыс барысын жіті бақылауда ұстаймыз. Бұл - облыстағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі. Өңіріміз үшін өндіріс ошағы аса маңызды. Сондықтан, әр жұмысты сапалы атқаруларыңызды сұраймын. Зауыт облыстың ғана емес, еліміздің экономикасының дамуына зор ықпал етеді.

Өңірімізге инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Айта кету керек, қазіргі таңда өңірімізде 557 млрд теңгенің 46 инвестициялық жобасы жүзеге асуда.