Облыс аумағында қашып жүрген сотталған жылқы ұрлады деген күдікпен полицейлердің қолына түсті. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бейнематериалына назар аударайық.

Мағжан Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне мал ұрланғаны туралы арыз келіп түсті. Белгісіз адам ауыл тұрғынының жылқысын ұрлап әкеткен. Қорадағы жануармен бірге ер-тоқым, жүген мен киіп жүрген пимасын да алып кеткен. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жедел уәкілдер мен жылқының иесі қар үстіндегі ізге түсіп, 30 шақырымдай жүреді. Із «Булаево – Молодогвардейское» автожолына жақын жердегі орман ішіне алып келді.

Үмідбек Фархадов - М.Жұмабаев ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары:

- Полиция қызметкерлері қалың бұталардың арасында қазылған жерге үстін жауып тұрғызылған, ішіне қолдан жасалған пеш орнатылған жеркепені байқайды. Ауданның 48 жастағы тұрғыны жылқы етін мүшелеп жатқан жерінде ұсталды. Қазіргі уақытта ер адам қамауға алынды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Алдын ала болжам бойынша полицейлер күдіктінің осы қылмысты жасағанын білген. Бұл азамат бұрын пәтер ұрлығы үшін сотталып, үш жыл алты айға бас бостандығы шектелген, бірақ пробациялық бақылауға тұрмай, қашып кетіп бой тасалаған. Дәл осы адам ұрланған жылқының иесінде бұрын жұмыс істеген, қора-қопсының орналасқан жерін жақсы білген.

Жыл басынан бері өңірде мал ұрлығының 5 фактісі тіркелді, оның 3-і ашылды.