Сатып алу процесін толық автоматтандыру, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, бюрократияны төмендету. 2025 жылдың 1 қаңтарында "Мемлекеттік сатып алу туралы" жаңа Заң өз күшіне енеді. Басты өзгерістер туралы облыс әкімдігінде өткен кездесуде айтылды.

Солтүстікқазақстандықтарға алдағы өзгерістер туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев пен Қаржы министрлігі өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде түсіндірілді.

ЕРЛАН СЕЙІТОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- 1 шілдеде жаңа редакциядағы "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңға қол қойылды. Онымен танысып үлгерген боларсыздар. Бұл заң Мемлекет Басшысының Жолдауын орындау мақсатында әзірленді. Президент бірқатар проблемалық мәселелерді атап өтіп, мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесін құру қажеттілігі туралы тапсырма берді. Онда төменгі бағаға емес, сапаға басымдық берілуі тиіс.

Шартты түрде заңды 4 үлкен бағытқа бөлуге болады. Сатып алу рәсімдерін жеңілдету және қысқарту, сатып алынатын тауарлардың, жұмыс пен қызметтің сапасын арттыру, жеткізушілердің жауапкершілігін күшейту, бәсекелестікті дамыту. Мәселен, бағалық емес критерийлерді қолдану арқылы сапаны жақсартуға болады, - деді баяндамашы.

ЕРЛАН СЕЙІТОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 

- Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректерін кеңінен пайдалана отырып, қажетті тауар жеткізушіні таңдап аламыз. Бұл арқылы бағалық емес критерийлер дамиды. Сатып алуға қатысушылардың біліктілігін, бәсекелестігін арттыру үшін беделі, тәжірибесі жинақталған жеткізушілерді таңдауы қажет. Мұндай жеткізушілер туралы ақпарат әртүрлі дерекқорларда болады. Бұл дегеніміз тиісті баға мен сапа критерийлерінің толық үйлесімі.

Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіпкерлер мен депутаттар қатысты. Оларға енді қабылданатын заң түсіндіріліп, қатысушылар өз сұрақтарына жауабын алды.