Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ақын, жазушы Қошқарбай Жұматаевтың «Жұлдызды жылдар жарығы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Әдеби жиынға жазушының отбасы, облысымыздың қаламгерлері қатысты.
Қошқарбай Жұматаев 1952 жылдың екінші шілдесінде Шал ақын ауданында дүниеге келген. Әдебиет әлемінде жастайынан жалт еткен жарық жұлдыз. Өлең жазумен Шал ақын ауданындағы бұрынғы Ленин орта мектебінің 5-сыныбында оқып жүрген кезінен бастап айналысқан. Ол шабыты келіп, өлең жазуға отырса, уақытқа да қарамайтын деп еске алды жұбайы.
НИНА ЖҰМАТАЕВА, Қ.ЖҰМАТАЕВТЫҢ ЖАРЫ 175:
-Ол дүниеден өткелі біраз уақыт өтті. Бірақ әлі де ел есінде жүргендігі қуантады. Ол ұлымыздың есінде талантты, өз қызметін абыроймен атқарған жан ретінде қалды. Жұмыс үстеліне отырғанда уақытқа да қарамайтын. Өте көп жазды.
Иә, оның жазған еңбегі көп. Алайда тағдырдың жазуымен ғұмыры ерте қиылды. Сезім лирикасын төгілтіп жазған ақынның іште кеткен бір өкініші жеке жыр жинағының шықпай қалғаны еді. Өзі де соған дайындалып, тіпті атауына дейін ойластырған екен. Бүгін дәл сол атпен кітабының тұсаукесері өтіп жатыр.
ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ ЖАЗУШЫ, ЖУРНАЛИСТ:
-Ол өзі бойшаң сондай көркем еді. Шашы бұйра, келгенде редакцияның көркіне айналатын азамат еді. Өте ақжарқын, кішіпейіл болатын. Адал сенггіш, ақынның жан дүниесі белгілі ғой.
Ақынның кітабы 200 тиражбен жарыққа шыққан. Алдағы уақытта өңірдің бірқатар аудандарында кітаптың таныстырылымы өтеді.