Облыстық архив пен Манаш Қозыбаев атындағы университеттің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға республикалық және өңірлік мемлекеттік архивтердің қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, профессорлар, сондай-ақ университеттің оқытушылары, докторанттары, магистранттары мен студенттері қатысты.

Іс-шара 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылды. ХХ ғасырдың басында еліміздің егемендігі үшін күрескен, атап айтқанда, Алаш зиялыларының саяси, мәдени және рухани салаларға қосқан үлестері талқыланды. Іс-шара барысында Алаш қозғалысының тарихи маңызы мен оның өкілдерінің Қазақстанның тәуелсіздігі жолындағы рөлі жан-жақты қарастырылды.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, СҚО МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

- 20 ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметі мен мұрасы тақырыбында өткізілген дөңгелек үстелдің мақсаты – тәуелсіздік үшін күрескен ұлт зиялыларының мәдени мұрасына назар аудару болып табылады. Бұл шарада олардың өмірбаяндары мен қызметіне қатысты ақтаңдақ беттер қарастырылып, жаңа деректер негізінде толықтырулар жасалды.

Сонымен қатар, дөңгелек үстелде архив қызметкерлері мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті ғалымдары ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындыларын шығарды. Соңғы бірнеше жылда олар гранттық қаржыландыру аясында еңбек етті.

ЗӘУРЕ ҚАРТОВА, М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚУ ТАРИХ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

- Осы үш жылдың ішінде үлкен ғылыми зерттеу ұйымдастырылды. Біріншіден, біз жаңа есімдерді енгіздік: ол Ережеп Бекбаев, Салмақбай Көсемисов, Ахмет Жанталин сияқты Алаш қайраткерлері. Бұлар Солтүстік Қазақстаннан шыққан. Сонымен қатар, 1918 жылы СҚО-да Аққұсақ деген жерде осы Алаш қайраткерлерінің ірі съезі өткен. Сол жерде тарихи белгі қойылып, бүгінгі таңда бүкіл елге таныс болып отыр.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің магистранты Сабыр Саримов Алаш қайраткерлерінің өмірін зерттеді. Мәселен 1937 жылы репрессияға ұшыраған «Жас азамат» газетінің редакторы Қошке Кемеңгерұлы тек 20 жылдан кейін ғана ақталған.

САБЫР САРИМОВ, М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚУ МАГИСТРАНТЫ:

- Бұл кісінің білім мен білікке ұмтылған шағы көптеген қиын кезеңдермен қатар жүріп, қуғын-сүргінге ұшырауға себеп болды. Оның тағдыры өте ауыр болды. Жас азамат газетін құрып, сол газетте редактор болып қызмет атқарды. Ол кезде күрделі әрі ауыр сұрақтарды көтеріп, ел үшін маңызды мәселелерді жарыққа шығарды. Қошке Кеменгерұлының бізге қалдырып кеткен мұрасы өте зор.

Іс-шараға қатысқан жастар Алаш зиялыларының ұлт тәуелсіздігі жолындағы ерліктері туралы тың мағлұмат алды.