Бүгін Солтүстік Қазақстан облыстық бейнелеу өнері музейінде жыл сайынғы картиналар көрмесі өтті. Студенттер өз шығармашылық жұмыстарын көпшілікке таныстырды. Көрмеге пейзаждар, портреттер, абстракциялар, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен табиғат көріністері бейнеленген туындылар қойылды.

Петропавл қаласы Өнер колледжінің «Кескіндеме» кафедрасы студенттері мен оқытушылары «Идеядан іске асыруға дейін» атты көрме ұйымдастырды. Онда әртүрлі техникада орындалған 33 картина қойылды.

ЛЮДМИЛА ГАТЫЧ, «ЕРМЕК СЕРКЕБАЕВ АТЫНДАҒЫ ӨНЕР КОЛЛЕДЖІ – ӨНЕРДЕ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕКТЕП-ИНТЕРНАТ КЕШЕНІ» КММ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:

- Негізі, көрменің идеясы өткен жылы туындаған болатын. Ұзақ уақыт бойы дайындық жүргізіп, міне, бүгін көрмені ұйымдастырып отырмыз. Қазір көріп тұрғандарыңыздай , студенттеріміз бен оқушыларымыз тамаша туындыларын ұсынып отыр. Бір қарағанда сурет салу оңай сияқты көрінуі мүмкін, алайда оның артында қаншама жұмыс жасалғанын түсіну керек. Әрбір туындыны жасау кезінде олар көптеген дайындық кезеңдерінен өтті: сызбалар мен эскиздер, түстерді таңдау, материалдармен тәжірибе жасау. Бұл барлық процесс бірден жүзеге аспайды, керісінше, үнемі түзетулер мен өзгерістер енгізіліп отырды. Әрбір жұмыстың артында үлкен еңбек, ізденіс және шығармашылықты дамытуға бағытталған ұзақ уақыт жатыр.

Бүгінгі көрмеге өзінің туындысын «Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі – өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының екінші курс студенті Мерейлі Абай ұсынып отыр. Оның айтуынша, ол осы нәтижеге жету үшін бір жыл бойы үздіксіз еңбек еткен. Мерейлі өз туындыларында ерекше идеяларды жүзеге асырған.

МЕРЕЙЛІ АБАЙ, СТУДЕНТ:

- Сіздер көріп тұрғандарыңыздай, бұл жаз мезгілі. Бұл суретте мен қазақ қыздарын бейнеледім, олардың арасында менің сіңілім де бар. Қазақ қыздарын салу үшін мен әртүрлі референстерді іздедім: қазақи киімдер мен әшекей бұйымдарды зерттедім. Ал артқы пейзажды салу үшін Алматыға барып, тауларды өз көзіммен көрдім.

Оқытушылардың кәсіби шеберлігі студенттердің шығармашылық әлеуетін ашуға көмектеседі. Осылайша колледж студенттері қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық көрмелер мен байқауларда жүлделі орындарға ие болуда.