Биыл «Серпін» бағдарламасының іске қосылғанына 10 жыл. Осыған орай, жобаның алғашқы көшпелі отырысы Петропавлда өтті. Өңірге іс-сапармен келген премьер – министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова осы бағдарлама аясында оқуға түскен студенттермен кездесті. Сондай-ақ, жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, жергілікті атқарушы билік өкілдері, студенттер мен жұмыс берушілер қатысты. Олар жастарды баспанамен және жұмыспен қамту мәселелесін қарастырып, жаңа ұсыныстар айтты.

Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова ең алдымен М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дің жаңа корпусындағы зертханаларды аралап, студенттермен сөйлесті. Олардың арасында «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түскен жастар да бар.

НҰРСЕЙІТ ӘБДІРАЗАҚОВ, «СЕРПІН» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

- «Серпін» бағдарламасы аясында мен бір реттік қолдау алдым. Және бір жылға пәтер ақысын алып отырдым. Бұл бізге үлкен көмек болды.Қазіргі уақытта біз осында мемлекеттік тарапынан ұсынылған пәтерде тұрамыз. Айына 25 мың теңге төлейміз. Бұл бес жылға. Қазіргі таңда ипотекаға ақша жинап жатырмыз. Бұл біз үшін үлкен көмек деп ойлаймын.

10 жыл ішінде еліміз бойынша «Серпін» бағдарламасымен 40 мыңға жуық студент оқуға түскен. Бүгінде жартысынан көбі сол өңірлерде жұмыс істеп жатыр. Ал, облыста осы бағдарлама бойынша 1400-ге жуық жас білім алды.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

- Биылғы бітіруші студенттердің 80 пайыздан астамының болашақ жұмыс орны шешіліп қойған. Қазірден практикаға барып жүр. Бұл М.Қозыбаев атындағы университетте жасалған ерекше нәрсе «Серпінді қолдау» орталығы ашылыпты. Басқа өңірлерде бұл жоқ.

Айта кетейік, биыл қазан айында жергілікті жоғары оқу орнында студенттер үшін «жобалық кеңсе» ашылды. Енді мамандар оқуға түскен әрбір баламен жеке-жеке кездесіп, олардың жұмысқа тұруын қамтамасыз етеді.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- 2025 жылы оқу бітіретін 68 студенттің қазіргі таңда әрқайсының жеке анкетасы бар. Осылайша, біз олардың қандай талаптары , қызығушылықтары мен екенін біле аламыз. Жұмыс орындарымен келісімшартқа отырып, жастарды ол жерлерден өндірістек тәжірибеден өтуге жібереміз. Қазіргі таңда 300-ден астам меморандум бар. Олардың 20-ға жуығы облысымыздағы ең ірі кәсіпорындар.

Бағдарлама түлектері өндірістік тәжірибеден өтіп қана қоймай, сол жерге жұмысқа тұра алады. Студенттермен жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың бірі – «Солтүстік Фанер комбинаты» ЖШС. Кәсіпорын 2021 жылы ашылған. Бүгінде 250-жуық қызметкер бар. Алдағы уақытта штаб құрамын 400 адамға дейін көбейтуді жоспарлап отыр.

ОҒЫЗХАН ЧЕЛИК, «СОЛТҮСТІК ФАНЕР КОМБИНАТЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

-  2021 жылдан бастап университетпен тығыз қарым-қатынас жасап, жастарды тағылымдамаға қабылдаймыз. Бізге университет бітірген кісілерді жұмысқа қабылдаймыз. «Серпін» бағдарламасы бойынша басқа региондардан келген студенттер бізден тәжірибеден өтеді. 

Вице-премьер Тамара Дүйсенова өз сөзінде жас мамандарды жұмыс берушілердің сұранысы бойынша даярлау қажеттігін айтты.

ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

- Сіздерге қажетті мамандарды мемлекет даярлап бермекші. Соны есепке алуларыңыз керек. Сіздер де дәл осылай сол мамандарды даярлауға өздеріңіздің тараптарыңыздан қосылуларыңызға болады. Демек, мемлекет бір 50 пайызын, сіздер 50 пайызын. Себебі, ол кісілер жұмыскер болып барады.

Көшпелі отырыста «Серпін» бағдарламасының түлектерін баспанамен қамту мәселесі де қарастырылды. Енді студенттерге «Экономикалық мобильді» сертификаты берілуі мүмкін. Жастар бұл сертификат арқылы үй сатып ала алады. Үкімет басшысың орынбасары сөз соңында жергілікті билік өкілдеріне осы жұмыс аясында атқарылуы тиіс бірқатар тапсырма берді.