Премьер – Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова өңірге жұмыс сапары аясында Есіл ауданына барып, іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасымен танысты. Жалпы, 2023 жылдан бері 14 адамға 91 млн теңгені құрайтын жеңілдетілген несие берілген. Нәтижесінде 30-ға жуық адам жұмыспен қамтылды. Бұл туралы аудан әкімі Мереке Мұхамедияров баяндап берді.
Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова облысымызға жұмыс сапары барысында Есіл ауданында болды. Аймақтағы атқарылған және атқарылатын маңызды істермен танысты. Вице-премьер аталған аумақта "Ауыл аманаты" жобасының қалай іске асырылып жатқанын көрді. Аудан әкімі Мереке Мұхамедияров игі бастаманың арқасында бірнеше адам жұмыспен қамтылғанын жеткізді.
МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
- 2023 жылдан бері бағдарлама аясында 14 адамға 91 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Нәтижесінде 27 адам жұмыспен қамтылды. 60 бас ірі қара, 180 қой, 42 жылқы сатып алынды. Біз бұл азаматтардың жұмының қалай өрбіп жатқанын үнемі назарда ұстаймыз. Әрқашан қолдау көрсетеміз.
Тың бастама арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған Явленка ауылының тұрғыны Жомарт Шамшуменов мал шаруашылығымен айналысады. Ол бағдарлама аясында 2 жарым 8,6 млн теңге жеңілдетілген несие алған екен. Оған 8 бас ірі қара, 24 қой және мал азығын сатып алған. Іскер азамат болашақта сүт өндірісін қолға алғысы келеді.
ЖОМАРТ ШАМШУМЕНОВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР, ЕСІЛ АУДАНЫ:
- Бұл пилоттық жобаны ұзақ уақыт зерттедім. Өте тиімді екен. Пайызы да аз. Маған ұнады. Мал шаруашылығымен айналысамын деушілерге таптырмас бағдарлама.
Вице-премьер Тамара Дүйсенова мен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов барған келесі нысан "Пекарушка" наубайханасы болды. Аталған цех ауданның 80 пайызын ас атасымен қамтып отыр. Бұл ретте айтпай кетуге болмайтын бір дүние бар. Наубайханада нанның бағасы дүкендегіден 30-40 теңгеге арзан. Себебі, аталған цех пен жергілікті ірі серіктестік өзара меморандум орнатқан. Келісім бойынша "Егін" кәсіпорны өндіріс орнын арзандатылған ұнмен қамтамасыз етуде.
ОЛЬГА КОПТЕВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР, ЕСІЛ АУДАНЫ:
- Күніне 3 мың бөлке нан пісіреміз. Наубайхана 2017 жылы ашылды. Жоба құны - 10 млн теңге. 2021 жылы кәсібімді одан әрі кеңейту үшін үкіметтен 6 млн теңге несие алдым. Цехта 16 адам жұмыс істейді. Әрқайсысының жалақысы 200 мың теңгеден асады. Жылына 1,1 млн дана нан мен 41 мыңнан астам тоқаш пісіреміз.
Содан соң Тамара Қасымқызы мен Ғауез Торсанұлы Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебіне барды. Білім ұясы былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен. Құрылысқа "Қазақстан халқына" қоры 250 млн теңге бөліпті. Игі іс "Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту" жобасы аясында жүзеге асты. Соның арқасында 90-шы жылы қолданысқа берілген мектеп адам танымастай өзгерді. Мектеп оқушысы Тамара Қасымқызын білім ұясының мұражайына апарып, Аяған Шәжімбаевтің өмірбаяны жайында айтып берді.
Вице-премьер мен өңір басшысы әр кабинетке бас сұқты. Атқарылған жұмысқа оң бағасын берді. Оқушылармен тілдесті. Мұнда бәрі бар. Әр бөлме заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мына робототехника кабинетінде балалар өздеріне керекті бұйымдар жасай алады.
Тамара Дүйсенова ұл-қыздармен әңгімелесу барысында сабақты жақсы оқу керектігін айтты. Еліміздің болашағы жастардың қолында екендігін жеткізді. Бұл - домбыра кабинеті. Мұнда бір қызығы, ұл-қыздар ұлттық аспапты мұғалімнен емес, мына бір интеллектуалды тақтаға қарап үйренеді. Мектеп оқушылары осы әдіс арқылы 1 жылдың ішінде 8 күй жаттаған.
Содан соң Тамара Дүйсенова мен Ғауез Нұрмұхамбетов аудандық мәдениет үйінде облыстың барлық деңгейдегі әкімдерімен кездесу өткізді. Вице-премьер ауылдағы тұрмыс сапасын жақсарту керектігін баса айтты. СҚО - ауыл шаруашылығы бойынша беткеұстар аймақтардың бірі болғандықтан, бұл тұрғыдан қандай да бір мәселе туындамауы тиіс екендігін жеткізді. Тамара Қасымқызы өзімен бірге еліміздегі жоқтан бар жасап, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерді ерте келіпті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген еңбеккерлер әкімдерге қалай жетістікке жеткендерін көрсетті. Мәселен, Қызылорда облысына қарасты Махамбет ауылының тұрғыны Сәрсенгүл Аралбаева "Ауыл аманаты" арқылы 5 млн теңге несие рәсімдеп, шұлық өнімдерін шығаратын құрал-жабдықтар алған. Бұрын бизнеспен айналысып көрмеген нәзікжанды қазір күніне 300-350 дана шұлық сатады екен. Аядай ғана елді мекенде тұрып, кәсібін дөңгелетіп отырған нәзікжанды - мына отырғандардың барлығына үлгі.
СӘРСЕНГҮЛ АРАЛБАЕВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ:
- Бұл кәсіпті шетелдік мамандардан үйрендік. Қызылорда қаласының сауда үйлерінің бірінен жалға орын алып, кәсібімді дөңгелетіп отырмын.
Жасыратыны жоқ, көбі мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске қандай көмек көрсетіліп жатқанын біле бермейді. Тамара Дүйсенова алқалы жиын барысында тың жобалардың барлығын жіпке тізді. Ауылдық округ әкімдеріне халық арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті.
ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Бірден мынаны айтқым келіп отыр. Ауыл әкімдеріне мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде жеңілдетілген несие, субсидияланатын жұмыс орындары, жастар мен әлеуметтік аз қамтылғандарға арналған қайтарымсыз гранттар туралы ақпаратты жақсы білу өте маңызды. Бұл бағдарламаларды дұрыс пайдалану ауыл тұрғындарының өмірін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Негізінен, "Ауыл аманаты" жобасы "AMANAT" партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Негізгі мақсаты - тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, жұмыссыздықты азайту.
Айта кету керек, өңірде "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында 236 жеңілдетілген несие беріліп, 250 жұмыс орны ашылған. Бірақ, кейбір азаматтар жеңілдетілген пайызбен қомақты ақша алып, қайтармайтын көрінеді. Тамара Дүйсенова залда отырған барлық әкімге осы мәселені жіті бақылауды тапсырды.