Петропавлдағы таңғажайып оазис саналатын ботаникалық бақтың құрылғанына биыл 112 жыл. Мұнда тропикалық елдерге тән жеміс пен өсімдіктердің сирек кездесетін түрлерін тамашалауға болады. Ботаникалық бақтың ғажайып әлемін тілшіміз баяндасын.
Петропавл ботаникалық бағы 1912 жылы ашылған. Консерві зауытының қарамағындағы бұл мекеме, алғашында өз қажеттіліктеріне қарай әртүрлі көкөністер өсіре бастаған. Кейін оранжереяда сирек кездесетін өсімдіктер пайда болып, бүгінде ол өңір тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналды.
АРТУР РЯЗАПОВ, БОТАНИКАЛЫҚ БАҚТЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Мұнда келгенде, алғашқы әсерім ерекше болды. Мен банан шөбін бірінші рет көрдім. Бананның жапырғын тропикалық елдерде сорпа құятын ыдыс ретінде, сұйық тағам үшін қолданылады деп айтты.
Ботаникалық бақтың коллекциясында шөптесін және ағашты-бұталы өсімдіктердің екі мың түрі бар. Олар Оңтүстік-Шығыс Азия, Мексика, Куба, Австралия, Үндістан және басқа да елдерден әкелінген. Ал мына бір құрма пальмасы 200 жыл бұрын егілген, биіктігі-14 метр.
АРТУР РЯЗАПОВ, БОТАНИКАЛЫҚ БАҚТЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Біздің алдымызда чилилік Араукария тұр. Отаны Оңтүстік Америка. Оны +16, +18 градуста өсіру қажет. Еуропа елдерінде жаңа жылдық өсімдік ретінде пайдаланады. Рождество, Жаңа жыл мейрамдарында жалға беріледі. Оларды кеспейді, тек топырағымен қоса арнайы ыдысқа салып апарады, кейін қайта отырғызады.
Артур Рязапов бақтың аумағын әлі де кеңейтіп, әлем елдеріндегідей шағын хайуанаттар бағы мен дендропарк құруды армандайды.