Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде облыс пен қала интернаттарының тәрбиешілеріне арналған семинар ұйымдастырылды. Іс-шараға отбасылық үлгідегі балалар ауылы, қала мектептерінің 30-дан астам маманы қатысты.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің интернатында облыс ауылдары мен Қазақстанның басқа өңірлерінен келген 136 оқушы тұрады. Интернат тәрбиеленушілері түрлі байқаулар мен жобаларға белсенді қатысады. Сабақтан тыс жұмыстардың барлығын тәрбиешілер ұйымдастырады. Семинарда волонтерлер жобасына және оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымына ерекше назар аударылды. Семинарға қатысушылар озық тәжірибелермен танысып, шығармашылық практикумда өз мүмкіндіктерін сынап көрді.

БАҚЫТ НҰРЫШЕВА, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ИНТЕРНАТ МЕҢГЕРУШІСІ: 

Бүгінгі күн біздің мектебімізде жатақханада қызмет жасайтын облыстағы интернат мекемелеріне арналған семинар өткізілді. Семинардың өзектілігі – интернаттық мекемелер өздерінің мәселелері бойынша бізге өтінім білдірді. Сол өтінім негізінде семинар бағдарламасына зерттеушілік тақырыптар, ғылыми жобалар, жатақхана кеңесі жұмысы, ата-анамен жұмыс, волонтерлік, осы тақырыптарды атап өттік.

Семинар өңірдегі интернаттар арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды нығайту алаңына айналды. Сондай-ақ республикалық ғылыми жобалар байқауында табысқа жетудің үлгісі көрсетілді.

ЭЛЬВИРА ШАЛДЫҚОВА, СОКОЛОВ АРНАЙЫ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ТӘРБИЕШІСІ:

- Семинарға келгенімізге өте қуаныштымыз. Шақырып, осылай әріптестерімізбен бөлісіп қандай жұмыс, қандай проект жүргізуге болатындығын бәрін өзімізге келесі жылдары жұмыс істеуге жақсы жақтарын үйреніп, ұғып алдық. Осындай кездесулер жиі-жиі болып тұрса.

Алдағы уақытта педагогтар оқушыларымен бірге жобалар жазып, кәсібилігін арттыруды жоспарлап отыр.