Облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановтың қатысуымен жаңа инвестициялық жобалар бойынша инвестициялық тур өтті. Өңірде қазіргі уақытта жалпы сомасы 755,5 млрд теңгенің 46 жобасы жүзеге асып жатыр. Сюжетке назар салайық.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, Жалпыұлттық пул аясында өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалардың 16 сы биыл іске қосылмақ. Тартылған инвестиция - 35,9 миллиард теңге. Бұл жобалар өңірдің экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Жалпы алғанда, биыл өңірде инвестициялық белсенділік жоғары. Мысалы, 10 айдың қорытындысы бойынша инвестициялар 9%-дан астамға өскен. Олардың қатарында Ресей, Түркияның және Қытайдың 2 жобасы бар. Сонымен қатар, таза қазақстандық жобалар да бар. Біздің алдағы жылғы жоспарымыз 557,5 миллион теңге, бүгінде оның 75%-ы орындалды деп айтуға болады.
Жақында ғана ашылған кәсіпорын сусындар өндірісімен айналысады. Жобаны жүзеге асыруға 12,8 миллиард теңге жұмсалды. Зауыт заманауи технология бойынша жұмыс істейді, өнімнің сапасын арттыруға бағытталған.
ЛАРИСА КАШИНА, КӘСІПОРЫННЫҢ БАС ТЕХНОЛОГЫ:
- Осы салада мен 30 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келемін. Біздің өнім Қазақстандағы ең сапалы өнім деп айтсам, артық болмас, себебі біз сапаға өте үлкен көңіл бөлеміз. Сонымен қатар, зауыт Еуропалық заманауи техникалық құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған. Өнім сапа стандарттарына сай өндіріледі. Біз өндірістің барлық кезеңдерінде қатаң бақылау жүргізіп, қауіпсіздік пен дәмінің сақталуына кепілдік береміз.
Сонымен қатар қазақстандық инвестор «Самовар» қонақүйін салып жатыр. Жоба «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауы арқасында мүмкін болды. Инвестиция көлемі 1 миллиард теңге.
КОНСТАНТИН ПОЛТАВЕЦ, «САМОВАР» ҚОНАҚҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Бұрын бұл жерде мейрамхана болған, бірақ ойлана келе қонақүй салуды шештік. Ғимараттың жалпы аумағы 1300 шаршы метр. Қонақүйдің құрылысында тек жоғары сапалы материалдар қолданылып жатыр. 34 бөлмеден тұратын болады, оның ішінде шағын, стандарт, жартылай люкс бөлмелері мен люкс бөлмелер қарастырылған.
«Зеленый Север» — өңірдегі төртінші буынға жататын жалғыз жылыжай кешені. Жобаға 7,2 миллиард теңге жұмсалды, оның 5,8 миллиард теңгесі СПК «Солтүстік» тарапынан алынған несиелік қаражат. Жылыжай кешенінің жалпы алаңы 3,7 гектар. Бұл жылыжай өңірді жыл сайын 3 мың тоннаға дейін көкөніспен қамтамасыз ете алады, бұл өңір қажеттілігінің 30%-ы. Өнімдер жергілікті сауда желілерінде нарықтық бағадан төмен сатылады. Жылыжайда 70 адам жұмыс істейді.
ЕКАТЕРИНА АСАЁНОК, «ЗЕЛЕНЫЙ СЕВЕР» ЖШС БАСШЫСЫ:
- Жылыжайда өсімдіктердің дұрыс өсуі үшін қажетті микроклимат жасалған, ол автоматты түрде реттеліп отырылады. Бұл жүйе климатты басқару, тамшылатып суару, қосымша жарықтандыру және көп контурлы жылыту жүйелерін қамтиды. Сонымен қатар, ауа температурасы мен ылғалдылығы тұрақты бақылауда ұсталады, бұл өсімдіктердің өнімділігін арттырады.
Өңірде түрік инвесторымен жүзеге асырылған жоба - ағашты терең өңдеу кәсіпорны. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының мемлекеттік қолдауы және «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы ретінде алынған преференциялардың арқасында жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек 8 миллиард теңге инвестиция тартылды. Ол Орталық Азиядағы ламинатталған фанера мен ДСП өндіру саласындағы ең ірі кәсіпорын. Зауыт жоғары дәлдікпен жұмыс істейтін заманауи жабдықтармен жабдықталған.
ОГУЗХАН ЧЕЛИК, «NORD PANELS» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
- Бірінші жылы біздің өнімділігіміз 18 мың куб метрді құраса, екінші жылы оны 30 мың куб метрге арттырдық. Ал қазіргі таңда жаңа ғимаратымыз, заманауи жабдықтарымыз бен станоктарымыздың арқасында жылына 50-55 мың куб метр фанера шығара аламыз. Алдағы жоспар бойынша келесі жылы отын пеллеттерін шығару жоспарда бар. Сонымен қатар, ағаш өңдеу саласында да жаңа жобаларымыз бар.Өнімдеріміздің 70-80 пайызы Еуропа мен Америкаға экспортталады, атап айтқанда, Германия, Италия және Балтық мемлекеттеріне жібереміз.
Өңірде оң динамиканы сақтап қалу үшін үш деңгейлі инвестиция тарту жүйесі қалыптасып, сәтті жұмыс істеп жатыр, сонымен қатар Инвестициялық Штаб та белсенді қызмет атқару үстінде. Келесі жылы жалпы құны 291,6 миллиард теңге болатын 20 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.