Өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова медицина мекемелерінің басшыларымен кездесу өткізді. Жиын барысында Солтүстік Қазақстан облысындағы денсаулық сақтау саласының даму бағыттары мен алдағы жоспарлары талқыланды.

Жалпы Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарының басым бөлігі ауылда тұрады. Ал бұл өңірдегі денсаулық сақтау саласының құрылымына ерекше әсер етеді. Мұндағы басты ерекшелік ауыл тұрғындарына заманауи медициалық көмектің толықтай көрсетілуі.

ЕРЖАН НҰРЛЫБАЕВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Мұнда біз бірнеше бағыт бойынша жұмысты қолға алып жатырмыз. Оның ішінде, облыс немесе аудандағы білікті дәрігерлер ауылдық жерде істейтін әріптесімен тікелей байланысқа шыға алады. Мұндай тәсіл нақты диагноз қоюға және талдау жұмыстарының жылдамдатуға көмектеседі. Сондықтан телемедицина саласына басымдық береміз.

Жалпы облыс бойынша уақытылы әрі жылдам диагноз қою көрсеткіші жоғары. Кейінгі 2 жылда ауылдық жердегі дәрігерлердің де саны артқан. Ал ӘМСҚ бойынша солтүстік өңірде бір жылдық қаражаттың 83 пайызы игерілген. Қалған 10,5 млрд қаражат жыл соңына дейін ұйымдарға жеткізіледі.

ӘБІЛҚАЙЫР СҚАҚОВ, ӘМСҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Медициналық қызмет қолжетімділігін көрсетіп отыр. Әсіресе жоғары медициналық технологиялық қызмет қолжетімді болды. Бұрын ол ең қымбат операциялар, соған көбінесе пациенттер басқа өңірлерге, дамыған өңірлерге, немес Астанаға барып келсе, қазір осы Петропавл қаласында осы медициналық көмек, қымбат әрі қиын операциялар жасалатын болады. Сонымен қатар консультативтік-диагностикалық қызмет едәуір ұлғайды. 

Алдағы уақытта телемедицина технологиялары қолданысқа енсе, дәрігерлердің қабылдауы оңтайландырылып, қант диабеті, гипертония сынды созылмалы ауру бойынша тізімде тұрған науқастарға уақытылы мониторинг жасауға мүмкіндік беріледі.