Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер бағдаршамның тыйым салатын сигналына өткен 1090 жүргізушіні жауапкершілікке тартты. Тәжірибе көрсеткендей, көптеген автокөлік жүргізушілері бағдаршамның сары түсі де қозғалысқа тыйым салатынын ескермейді. Көше қиылысынан сары түске өтіп кетуге тырысатын ереже бұзушылар жолдың ортасында солға бұрылу үшін тоқтап тұрған жүргізушілердің маневрді аяқтауына мүмкіндік бермейді. Бұл апатты жағдай туғызады және жол-көлік оқиғасына алып келуі мүмкін.
Алмас Еркешев — Петропавл қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің аға инспекторы:
- Бағдаршамның тыйим салынған сигналына өту ҚР әкімшілік құқық бұзушылықтары туралы кодексінің 599 бабы 1 бөлігімен айыппұл қарастырылған. Себебі, бұл құқық бұзушылық үлкен аппаттылыққа әкеліп соғады. Сондықтан патрульдік полиция батальоны қызметкерлерімен бұл бағытта профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
Көше қиылыстарында қауіп жоғары. Адамдардың зардап шегуіне алып келген әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы көше қиылыстарынан өту ережелерін бұзудың нәтижесінде орын алған. Жыл басынан облыста тіркелген 433 жол апатының 102-сі осының салдарынан болған. 10 айдың ішінде СҚО жолдарында 60 мыңға жуық түрлі бұзушылықтар тіркелді. Тәртіп сақшылары жол қозғалысының барлық қатысушыларын жол жүрісі қағидаларының талаптарын қатаң сақтауға шақырады.