Өңір жетекшісі Петропавлдағы күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген әскерге шақыру пунктінде болды. Мұнда келісімшарт бойынша әскери қызметке орналасқысы келетін азаматтар құжат тапсырып, сынақтан өте алады.

Биыл Петропавлда облыстық және қалалық әскерге шақыру комиссиялары бір нысанға көшірілді. Көшірілмес бұрын ғимарат күрделі жөндеу көрді. Атқарылған іс ауқымды. Онымен аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов арнайы барып танысты.

Қос комиссия жарық, жаңарған әрі мұнтаздай таза нысанның қос қанатында орналасқан. Бұл мамандар үшін де, ел қорғандары үшін де уақыт үнемдеу тұрғысында тиімді. Қазір күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Теріскейдің тепсе темір үзер жігіттері еліміздің бірнеше қаласына аттанған. Ғимаратпен танысу барысында облыс әкімі ағымдағы нәтижені сұрады.

Өкінішке қарай, орташа есеппен әскерге шақырылған жігіттердің 8-10 пайызы Отан алдындағы борышты өтеуге жіберілмейді. Бұрын дәрігерлер қорытындыға майтабан сөзін жиі жазса, қазір өзге пікір қалыптастырған. Қоғамда көзі нашар көретін, ашуға тез булығатын жастар көбейіп барады.

Жастар салауатты, ал әскер айбынды болуы қажет. Ол үшін өскелең ұрпақтың тәрбиесіне мықтап мән берген абзал. Сонда міндетіне атүсті қарамайтын отандастарымыздың саны көп болары сөзсіз.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Бұрын бәріміз патриот болдық, әскерге алынып, өзіміздің міндетімізді өтеуге асықтық. "Ағаларымыз барды, біз неге бармаймыз" деп жүрдік. Өзім 2 жыл қызмет еттім. Жастық шағымда әскери қызметкер болғым келді. Армия - берері мол мектеп. Көп дүниені үйретеді, ұғындырады. Жастар осыны түсінуі тиіс.

Күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген нысанда келісімшарт бойынша әскери қызметке орналасқысы келетін жандар құжат тапсырып, сынақтан өте алады. Бүгінде бірнеше адам ниет білдірген. Ғауез Нұрмұхамбетов солармен тілдесті, мамандарға жасалатын жағдайды сұрады. Сонымен қатар, ғимаратта Ардагерлер ұйымдарының орталығы ашылды. Көпті көрген үлкендер қызметкерлерге ақыл-кеңес бермек, жастармен жиі жүздеспек.