Жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрінді. Түркияда Қарулы Күштер арасындағы кикбоксингтен 1-ші ашық халықаралық жарыс аяқталып, Нұрсұлтан Жақыпов алтын медаль, ал Айдар Жүніспаев мен Айбек Төлебаев қола медаль иеленді. Бүгін жанкүйерлері жеңімпаздарды вокзалда күтіп алды. Тілшіміз Зарина Кәп баяндасын.

Турнир Түркияның Анталия қаласында өтіп, оған 13 елден 100-ден аса спортшы қатысты. Ал ел намысын 11 кикбоксшы қорғады. Халықаралық аренада өнер көрсеткен спортшылар бір алтын, бір күміс және жеті қола медаль жеңіп алды.

ӘДІЛ НҰРЖАУЫПОВ, ОБЛЫСТЫҢ КИКБОКСИНГТЕН АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

- Жалпы облысымыздан үш спортшы қатысты. Кілең мықтылар қатысқан жарыста алтын медальді біздің спортшы, шәкіртім Нұрсұлтан Жақыпов иеленді. Ал Айдар Жүніспаев мен Айбек Төлебаев қола медаль алды. Жігіттер өте тартысты ойын көрсетті. Жыл бойы үздіксіз дайындалып келеміз. Бұған дейін 4 халықаралық жарысқа қатыстық. Алдағы желтоқсан айында да жарысымыз бар.

Нұрсұлтан Жақыпов кикбоксингпен 8 сыныптан бастап айналысып келеді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем кубогының иегері, қазақстанның 7 дүркін чемпионы. Ол өзінің спорттық мансабын Солтүстік Қазақстан полиция департаментіндегі жұмысымен ұштастырып, қатар алып келеді. Полиция аға лейтенанты 86 келі салмақта алтыннан алқа тақты.

Ал, Айдар Жүніспаевтың бұл спорт түрімен айналысқанына 10 жыл. Бұл жолғы жарыста жүлделі үшінші орынды иеленді. алған тәжірибемізбен, алдағы уақытта алтын аламыз деген ойдамын дейді.

АЙДАР ЖҮНІСПАЕВ ЖАРЫСТЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ:

- Моңғолия, Хорватия, Әзірбайжан елінен келген спортшылармен үш жекпе-жек өткіздім. Әдіс-тәсіл жағынан сәл әлсіздеу болдым ба деп ойлаймын. Бірақ осы жолға қателіктермен жұмыс істеп, тағы да дайындық жасаймыз.

10-14 желтоқсан аралығында Петропавл қаласында Қазақстан чемпионаты өтеді. Спортшылар дайындықты бастап кетті.