Өңірде бөгеттерді салу және нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта елді мекендердің маңынан салынған 8 бөгеттің екеуі - Прибрежное мен Тепличное ауылдарында дайын тұр. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл мен Қызылжар ауданындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту және кеңейту жұмыстарын тексерді.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, міндетті орындау үшін 158 техника қолданылып, 1,5 млн тонна инертті материал жеткізілді. Бөгеттердің биіктігі айтарлықтай ұлғайтылды. Облыс орталығындағы жұмыстар аяқталуға жақын.

«Бұл жұмыс мамандардың қатысуымен ғылыми негізде жүргізілді. Ғалымдардың айтуынша, биылғы тасқын кезіндегі судың максималды деңгейі Балтық биіктік жүйесі бойынша 98,58 метрді құрады. Жаңа бөгеттердің биіктігі артығымен жобаланып, 101,2 метрге жетті, бұл болашақта елді мекендерді су тасқынынан сенімді қорғауға кепілдік береді», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.