Өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дің студенттерімен кездесті. Жиынға барлығы 100-ден астам жас қатысып, сайлау жүйесіне қатысты сұрақтарын қойды.
Нұрлан Мәжитұлы жастармен кездесуде Қазақстанның сайлау жүйесі туралы ақпарат беріп, бұрынғы мен қазіргі жүйені салыстырды. Сондай-ақ, өзге елдерде қолданылатын ерекшеліктерді де айтып, тәжірибесімен бөлісті. Кездесу барысында студенттер электоралдық кезеңнің өзекті мәселелері бойынша дәстүрлі онлайн-сауалнама жолдап, белсенді пікірталас жүргізді.
СҰҢҚАР АМАНГЕЛДІ, СТУДЕНТ:
- Мен өзіме жаңа ақпараттар алдым. Мысалы, басқа мемлекеттердегі және біздің еліміздегі сайлау жүйесінің ерекшеліктерін біліп, және олардың айырмашылықтарын түсіндім.
8 желтоқсан күні елімізде шығып қалған мәслихат депутаттарының орнын толтыру мақсатында сайлау өтеді. Науқанға 12 аумақтық, 17 округтік және 68 учаскелік комиссиялар жұмылдырылады. Мәслихат депутаттығына өңір бойынша 17 адам үміткер. Осы орайда, Облыстық мәслихаттың депутаты Ербақыт Амантай электронды сайлау жүйесіне қатысты өз ойын айтты.
ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ДЕПУТАТЫ:
- Замануи техника дамып кеткен Батыс елдерінің өзі қазіргі дейін 100 пайыз электрондық сайлау жүйесіне көшпеген. Оның себебі- электрондық жүйе қауіпсіз емес.Әлемде идеалды сайлау жүйесі деген жоқ. Әр елдің бағыты әр басқа. Қазақстанда партиялық тізім, сосын бір мандаттық сайлау округтері бойынша мәслихат пен мәжілістерге сайлау өтеді. Болашақта бұдан да басқа эксперименттер жасалады деп ойлаймын.
Нұрлан Мәжитұлы кездесу соңында белсенді жастарға естелік ретінде кітап сыйлады. Айта кетейік, бұған дейін аумақтық және округтік сайлау комиссияларының төрағалары үшін «2024 жылғы 8 желтоқсанға тағайындалған шығып қалғандардың орнына мәслихаттар депутаттарын сайлауды дайындау және өткізу ерекшеліктері» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді.