Астанада Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні қарсаңында XVIІ «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараны «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған. Бұл сыйлық жыл сайын қоғамдық қызметте ерекше нәтижелерге қол жеткізген мүгедектігі бар адамдарға беріледі. Марапаттау рәсімін «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ашты. Мәжіліс Спикері ерекше қажеттілігі бар азаматтардың тұрмысын жақсарту мәселесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін атап өтті.

Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова «Жан Шуақ» сыйлығын тапсыру рәсімі 2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын айтты. Осы жылдар ішінде 90-ға жуық адам марапатталған. Биыл ашық дауыс беру нәтижесінде ұйымдастыру комиссиясының шешімімен 8 лауреат анықталды. Петропавлдық «Sensitive» есту қабілеті бұзылған бишілер театрының шығармашылық ұжымы «Мәдениет саласындағы үздік жетістіктері үшін» сыйлығын иеленді. Бұл ансамбл 18 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында олар тек Қазақстанда ғана емес, әлемге танымал ұжымға айналды. Биыл Франциядағы халықаралық фестивальде «Sensitive» Канн шығармашылық өнер фестивалінің үздік хореографиялық ұжымы ретінде танылды. Әр лауреат 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.