Параспортшы, депутат, қоғам қайраткері Владимир Ерман – өмірде қолдан келмейтін нәрсе жоғын дәлелдеген жан. Ол «тек алға» деген ұстаныммен келе жатыр. Жетістікке жету үшін адамда ең бастысы ниет пен жігер болса жеткілікті деп санайтын Владимир Ерман биыл қамал алар 40 жасқа келіп отыр.
Владимир Ерман 2014 жылы ең жас депутат болып сайланған еді. Сонымен қатар облыс әкімінің мүгедектік мәселелері жөніндегі кеңесшісі. Қызмет барысында әрдайым мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсартуға күш салып келеді. Ал бұл салада түйткілді мәселе көп дейді ол.
ВЛАДИМИР ЭРМАН, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:
- Мәселе көп, әсіресе қыс мезгілінде мүмкіндігі шектеулі жандардың аялдамаларға жетуі мүмкін емес. Мәслихат көлікті тегін пайдалануға жеңілдіктер жасауға көмектескенімен, олардың қоғамдық көлікпен жүруіне жағдай жасалмаған.
Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, Паралимпиада чемпионы Владимир Эрман ниеті мен ерік-жігері бар адамға мүмкін емес ештеңе жоқ екенін көрсетіп келеді. Бұған дейін тек жаттығуға ғана уақыт бөлсе, қазір қоғамдық жұмыстың да бел ортасында жүр.
СӘУЛЕ СҰРАҒАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:
- Владимир Владимирович әрқашан белсенді позицияны ұстанады, әрдайым көмектесіп, қолдап, кеңес береді. Ол депутат болумен қатар белсенді паралимпиадашы, барлық жарыстарға қатысады. Мінезді, қайсар жан.
Владимир Ерман омыртқасы ауырып, арбаға танылғаннан кейін жүзумен айналысқан. Петропавлдық спортшы көптеген республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы
ВЛАДИМИР ЭРМАН, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:
-Спорт физикалық жағынан да, психикалық жағынан да күш-қуат береді, жаттығу кезінде негативті ойларды жоюға көмектеседі. Дене бітімін де қалыпта ұстайды.
Владимир Владимирович күнделікті қарбалас жұмысымен қатар, жүзумен, жеңіл атлетикамен айналысады. Қазір алдағы жарыстарға дайындық үстінде. Жеңіс тұғырынан көреміз деген сенімдеміз.