Өңір делегациясы Қытайдың Шэньси провинциясында ресми сапармен болды. Шетелдіктермен кездесу Мемлекет басшысының Қытайға мемлекеттік сапары барысында қол қойылған СҚО мен Шэньси провинциясы арасында бауырлас қатынастарды орнату туралы келісімнің аясында өтті.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Шэньси провинциясының губернаторы Чжао Идэмен ресми кездесу өткізді. Жиында өзара серіктестікті дамыту мәселелері талқыланды. Солтүстік Қазақстан мен Шэньси провинциясы арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі іс-шаралар жоспары мен "Чан-Ба" халықаралық портымен сауда байланысын кеңейту бойынша меморандум жасалды. Ресми және іскер делегация Сиань қаласындағы бірқатар өндірістік нысанды аралады. Делегация сауда-логистикалық компания мен халықаралық порттың қызметімен танысты. Aiju компаниясы облыс аумағында агропарк жасамақ, оның құрамына жел электр станциясы, еТ өндеу зауыты, азық-түлік өндірісі мен логистикалық орталық кіреді. Бұл жобалар бойынша 93.5 млрд теңгеге меморандумдарға қол қойылды, оның 5.5 млрд.теңгесі "Атамекен-Агро" мен "ФамСам" компаниясы арасындағы элеватор қондырғысын жасауға бағытталған келісімшарт. Бөлек кездесуде облыс әкімі инвесторлармен жобаларды жүзеге асыру бойынша мәселелерді талқылады. Сапар барысында делегация Янлин қаласындағы Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің заманауи жылыжайы және жетістіктерімен танысты. Ғауез Нұрмұхамбетов осы университетте білім алып жатқан қазақстандық докторанттармен кездесті. Университетте ғылыми жобаларды зерттеп, әзірлейтін бірлескен қазақ-қытай мал шаруашылығы зертханасының ашылу салтанаты өтті.